Өткен айдан бастап елімізде мобильді құрылғыларды сату тәртібіне жаңа талаптар енгізілді. Енді сатушы смартфонды саудаға шығармас бұрын оның сәйкестендіру кодының бұғатталмағанын әрі шектеудің бар-жоғын арнайы базадан тексеруге міндетті. Сондай-ақ сатып алушыға құрылғының IMEI коды ұсынылуы тиіс.


 Жаңа талаптар дәстүрлі сауда орындарына, интернет-дүкендер мен маркетплейстерге де қолданылады. Сондай-ақ, құрылғының IMEI коды сатып алуды растайтын құжаттар мен тауарлық түбіртекте міндетті түрде көрсетілуі қажет. Егер смартфон верификациядан өтпегені анықталса, ол сапасыз тауар ретінде танылады. Мұндай жағдайда тұтынушы заңнамаға сәйкес құрылғыны ауыстыруды, қаражатты толық қайтаруды немесе жөндеу шығындарын өтеуді талап ете алады.