«Әділет» партиясының Шымкент қалалық сайлауалды штабы жұмысын бастады. Үгіт-насихат кезеңінде қалалық және аудандық деңгейде «Әділеттің» алты штабы жұмыс істейді. Олардың құрамында 150 азамат бар. Сондай-ақ науқанға 50 медиа тұлға мен 700 ерікті де атсалысады.
Жиын барысында «Әділет» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Жолдыхожаев сайлауалды штабтың құрамы мен алдағы үгіт-насихат жұмыстарының мазмұнын таныстырды. Штаб құрамына мәслихат депутаттары, этномәдени бірлестіктердің мүшелері, зиялы қауым өкілдері, жастар және партия белсенділері енген. Сайлауалды жоспарға сәйкес, партия 528 іс-шара өткізуді көздейді. Олар онлайн және офлайн форматта ұйымдастырылып, шамамен 700 мың сайлаушыны қамтымақ.
МҰРАТ ЖОЛДЫХОЖАЕВ, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
– «Қазіргі таңда қала бойынша 710 мыңға жуық дауыс беруші бар. Саяси науқанда 365 сайлау учаскесінде 1825 сенімді өкіл мен байқаушы қызмет атқарады. Науқанға 150 спикер, 100 жаңа тұлға, 50 медиа тұлға және 700 ерікті қатысады. Штаб құрамына мәслихат депутаттары, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, зиялы қауым мүшелері, жастар және партия белсенділері енгізілген.»
Жиында ақпараттық сүйемелдеуге қатысты жоспар пысықталды. Оған сәйкес, материалдар жергілікті бес телеарнада, екі мерзімді басылымда, 30-ға жуық ақпараттық порталда және бес танымал пабликте жарияланады. Бұдан бөлек, қала аумағындағы 200-ге жуық LED экран мен билбордта үгіт-насихат материалдары көрсетіледі.
ӘЗІМХАН ИСАБЕК, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ШТАБЫНЫҢ МҮШЕСІ
– «Қоғам қайраткерлері айтатын: “Тәуелсіздік алу бар да, оны сақтап қалу да бар”. Тәуелсіздік алдық, 30 жылдан асты. Енді соның ауқымын кеңейту деген ұғым бар.» «Бір палаталы Құрылтайдың келе жатқаны ел тарихындағы бетбұрыс кезең.»
710 мың шымкенттік дауыс беру құқығына ие. Сайлау кезінде «Әділет» партиясы атынан 365 сайлау учаскесінде 1825 сенімді өкіл мен байқаушы жұмыс істейді. Іс-шара барысында сайлауалды штабтың алдағы кезеңдегі жұмыс тәртібі мен ұйымдастыру мәселелері талқыланды.