Басыңа кисең – суық өткізбейді, аяғыңа кисең – жылу береді. Шеберлердің айтуынша, жүннен жасалған бұйымдардың емдік қасиеті де бар. Шымкентте киізден және жүннен жасалған бұйымдардың көрмесі өтті. Ғасырлар бойы ата-бабамыздың тұрмыс-тіршілігінің ажырамас бөлігі болған қолөнер бүгінде жаңа тыныс алып келеді. Ұлттық дәстүр мен заманауи сән үйлескен көрме туралы келесі бейнематериалда.


НҰРЛАН ПАЙЗОВ, ТІЛШІ
 Бұрын ауыл-аймақта киіз басып, ою-өрнекпен айналысатын отбасыларды жиі кездестіретінбіз. Уақыт өте келе бұл өнер ұмытылып бара жатқандай көрінген. Алайда бабадан қалған дәстүр бүгін қайта жаңғырып келеді. Қазір киіз өнері заманауи дизайнмен шебер үйлесіп, сән әлемінен өз орнын табуда. Көріп тұрғандарыңыздай, қолмен жасалған мұндай бұйымдар бүгінде үлкен сұранысқа ие.


Ерекше көрмеде жергілікті қолөнерші Гүлнар Жолдасбекованың авторлық туындылары қойылды. Шебердің қолынан шыққан бұйымдар ұлттық құндылықтарды дәріптеп қана қоймай, бүгінгі интерьер мен сән индустриясында да жоғары сұранысқа ие екенін дәлелдеп отыр. Әрбір туындыдан шебердің қолтаңбасы мен ұлттық мұраға деген құрмет анық байқалады.


 ГҮЛНАР ЖОЛДАСБЕКОВА, ҚОЛӨНЕРШІ
Бұл туындылар қазақтың ұлттық өнерін дәріптеп, қазіргі жастардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру мақсатында жасалып жатыр. Себебі ата-бабамыздан қалған қолөнер – маңдай термен жасалған асыл мұра. Сол өнерді насихаттап, кейінгі ұрпаққа жеткізу үшін алдымен анамнан, кейін ұстаздарымнан тәлім алдым.


Көрмеге шебердің 50-ден астам туындысы қойылған. Оның ішінде өрнекті текеметтер де бар. Қолөнершінің айтуынша, табиғи әрі экологиялық таза өнімдерге сұраныс жоғары. Заманауи үлгіде дайындалған киіз бұйымдары сән әлемінде де, интерьер дизайнында да өзіндік орнын қалыптастырып үлгерген. Бұл өнерді бүгінде шебердің шәкірттері де меңгеріп келеді.


ӘСЕЛ ТӨЛЕГЕН, ШӘКІРТ
Әр оюдың өзіндік мағынасы болғандықтан, бұл өнер маған ерекше қызық болды. Сондықтан киіз өнерін зерттеуді бастадым. Кейін университетке түсіп, білімімді жетілдірдім. Бүгінде киіз басуды толық меңгеріп, түрлі көрмелерге қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрмін. Идеяларды кітаптардан аламын. Кейде қала аралап жүргенде шабыт келіп, ойымды бірден жазып қоямын. Кейін эскиз жасап, туындыны дайындаймын. Кейде киіздің түстерімен жұмыс істеп отырған сәттің өзінде жаңа идея туындайды.


 Еңбек сіңірген шеберлердің айтуынша, жүннен жасалған бұйымдардың денсаулыққа пайдасы мол. Табиғи жүн жылуды сақтап, емдік қасиетімен де ерекшеленеді. Сондықтан ата-бабамыз жүннен жасалған киімдерді күнделікті тұрмыста кеңінен пайдаланған.


 БИБІАЖАР СЕЙІМОВА, ҚАЗАҚСТАН ҚОЛӨНЕРШІЛЕР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ
Жүннен жасалған бұйымдарды тек сән үшін кимейміз. Оның жылулық әрі емдік қасиеті бар. Бас киім басыңызды суықтан қорғайды. Қолғап пен шұлық та денені жылы ұстайды. Жалпы, жүннің пайдасы өте көп. Сондықтан оның қадірін білуіміз керек.


Дәстүр мен заманауилық тоғысқан көрме қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше әсер сыйлап, ұлттық қолөнердің болашағы зор екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Көрме соңында Shymkent Creative Hub орталығының үйлестірушісі қолөнершіге алғыс хат пен грамота табыстады.


 НҰРЛАН ПАЙЗОВ, ТІЛШІ
Бұрын киіз басу тұрмыстық қажеттілік болса, бүгінде ол жоғары талғам мен заманауи дизайнның белгісіне айналды. Бабадан жеткен бұл өнердің ғұмыры ұзақ болары анық. Ұйымдастырушылар мұндай авторлық көрмелерді алдағы уақытта да тұрақты өткізуді жоспарлап отыр.