Еліміз экономиканың негізгі секторларына жасанды интеллект технологияларын енгізу арқылы цифрлық трансформацияны жеделдетіп келеді. Мемлекеттік басқару мен бизнес саласындағы өзара іс-қимылдың негізі ретінде жасанды интеллектіні басымдыққа алған Қазақстан AI-First архитектурасына кезең-кезеңімен көшуде.
Қазіргі таңда өнеркәсіп пен энергетикадан бастап денсаулық сақтау мен білім беру салаларына дейінгі 72 бағытты қамтитын цифрлық трансформацияның 20 картасы бекітілді. Бұл бюрократиялық рәсімдерді едәуір жеңілдетіп, кәсіпкерлердің шығындарын қысқартуға мүмкіндік береді.
Қоғам игілігі үшін 50-ден астам жасанды интеллект агенті әзірленуде. Денсаулық сақтау саласында Cerebra AI инсультті ерте диагностикалау жүйесі енгізіліп, өлім-жітім көрсеткіші 40 пайызға төмендеді. Ал жасанды интеллектке негізделген виртуалды терапевт ондаған клиникада дәрігерлерге тиімді көмек көрсетіп келеді. Кәсіпкерлікті қолдауға да ерекше көңіл бөлінуде. Бизнес бастауға арналған жасанды интеллект көмекшісі нарықтағы бәсекелестік ортаны талдап, алғашқы кезеңде операциялық шығындарды екі есеге дейін қысқартуға мүмкіндік береді.