Озық ойлап, тың идея ұсыну үшін не қажет? Көпшілік алдында іркілмей, өз ойыңды еркін әрі нақты жеткізуге не ықпал етеді? Шымкенттік жастар реторикалық ойлау мен дипломатиялық қарым-қатынас дағдыларын меңгеріп келеді. Осы мақсатта «Ұлықбек Model United Nations» конференциясы ұйымдастырылды. Жиында жасөспірімдер өзара тәжірибе алмасып, білімі мен қабілетін сынға салды.
Іс-шара барысында жасөспірімдер берілген тақырыптар аясында ой жарыстырды. Пікірталаста қоғамдық-саяси және жаһандық әлеуметтік мәселелер талқыланды. Әр қатысушыға белгілі бір мемлекет бекітіліп, сол елдің өзекті мәселелерін зерттеп, оларды шешу жолдарын ұсыну тапсырылды. Бұл оқушылардың сыни ойлауын, сараптамалық қабілетін дамытып, дипломатиялық шеберлігін шыңдауға мүмкіндік береді.
ДИНА АБДУЛЛАҚЫЗЫ, ОҚУШЫ
– «Бұл жасөспірімдер арасындағы сыни ойлау қабілетін дамытады. Жасынан дипломатиялық шеберлігін шыңдайды.»
ӘЛТАЙЫР САБДЕНОВ, ОҚУШЫ
«Конференцияның оқушылар үшін берері мол. Олар мұнда шешендік өнер мен дипломатиялық қарым-қатынас дағдыларын дамытады. Әр баланың өз дарыны, өз идеясы бар. Алайда кейде олар өз ойын көпшілікке түсінікті жеткізе алмай жатады. Біз осы мәселені шешуге үлес қосып келеміз.»
Конференцияға Қазақстанның барлық өңірінен және көршілес мемлекеттерден келген озат оқушылар қатысты. Олар өзара тәжірибе алмасып, білім көкжиегін кеңейтті. Сонымен қатар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде еркін пікірталас жүргізді.
СЕРАЛЫ ДАНИЯЛ, ОҚУШЫ
– «Бізде 120 делегат бар. Олар өзара тәжірибе алмасады.»
Жиынға жалпы 250-ге жуық оқушы қатысты. Олар түрлі тақырыптарды талқылап, білім деңгейі мен көшбасшылық қабілеттерін шыңдады. Ұйымдастырушылар мұндай конференциялар алдағы уақытта да жалғасатынын айтады.