Қызылша, көкжөтел, вирусты гепатит. Аталған жұқпалы аурулар әлі де қоғамға қауіп төндіріп отыр. Мамандар мұның алдын алуда вакцинация мен уақытылы медициналық тексерудің маңызы зор екенін айтады. Алайда ел арасында екпе алудан бас тартып, ем-дом шараларын керек етпейтіндер көп. Науқастардың басым бөлігі дерті дендеген соң ғана дәрігерге жүгінетіндіктен, кеселмен күресу оңайға соқпайды. Бұл мәселе облыс әкімінің қатысуымен өткен отырыста талқыланды.
Өңірде бүгінде тұрғындарға 11 жұқпалы ауруға екпе тегін салынады. Атап айтқанда, туберкулез, қызылша, көкжөтел, дифтерия, сіреспе, вирусты гепатиттер мен адам папилломасы вирусына қарсы вакцинация жоспарлы түрде жүргізіліп келеді. Мамандардың айтуынша, мұндай профилактикалық шаралар қауіпті инфекциялардың таралуын азайтып, қоғамдық денсаулықты сақтауда маңызды рөл атқарады.
АСХАН БАЙДУАЛИЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Жоспарлы екпелер 11 инфекциялық аурудың алдын алуға бағытталған. Атап айтқанда, туберкулез, «А» және «В» вирусты гепатиттері, гемофильді инфекция, көкжөтел, дифтерия, сіреспе, қызылша, қызамық, эпидемиялық паротит, полиомиелит және адам папилломасы вирусына қарсы егіледі. Барлық екпе тұрғындарға тіркелген емханаларында тегін жүргізіледі.
Жиында медициналық көмектің қолжетімділігі де кеңінен сөз болды. Әсіресе міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылмаған тұрғындардың емделу мүмкіндігін арттыруға басымдық беріліп отыр. Осы мақсатта өңірде арнайы жұмыс тобы құрылып, тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Жыл басынан бері 58 мыңнан астам азамат медициналық ұйымдардың көмегіне жүгініп, қажетті ем-дом алған.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Медицина саласын цифрландыру, жасанды интеллектпен қамту, роботтарды енгізу жұмыстарын жылдамдатып атқаруды тапсырамын. Атқарған жұмысты жүйелеңіздер.
Мәжіліс барысында медицина саласына бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуы мен көрсетілетін қызметтің сапасы да айтылды. Облыс әкімі жауапты мамандарға бюджет қаржысының мақсатты игерілуін қатаң бақылауда ұстап, халыққа сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсетуді күшейтуді тапсырды.