Қазақстанда энергетика саласын дамытуға бағытталған ауқымды жұмыстар қолға алынды. 2035 жылға дейін елде 26 гигаватт жаңа қуат көзін іске қосу жоспарланып отыр. Бұл мақсатта Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жаңа жылу электр орталықтарының құрылысы жүргізілуде. Қазірдің өзінде жобаларға инвесторлар тартылып, құрылыс пен қажетті жабдықтарды жеткізу бойынша келісімдер жасалған.


Жаңа нысандарды салумен қатар, қолданыстағы энергетикалық жүйені жаңарту да басты назарда. Бүгінде елде 254 электр станциясы жұмыс істейді. Алайда олардың жабдықтарының орташа тозу деңгейі 56 пайызды құрайды. Сондықтан өндірістік қуаттарды жаңарту қажеттілігі артып отыр. Осы бағытта биыл жалпы қуаты 245,8 мегават болатын 10 жоба іске қосылмақ. Оның жетеуі қазірдің өзінде пайдалануға берілген. Ал газдандыру бағытында елді мекендерді табиғи газбен қамту деңгейін 64,3 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Бұл жобалар Қазақстанның энергетикалық тұрақтылығын күшейтуге мүмкіндік береді,-дейді мамандар.