Түркістанда Шәмші Қалдаяқовтың әндері әуеледі. «Керуен сарай» туристік кешенінде қазақ вальсінің королі, Қазақстанның Халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған «Шәмші әндері» өнер фестивалі өтті. Музыкалық кеште еліміздің танымал әншілері сазгердің ел сүйіп тыңдайтын әндерін орындап, көрерменге ерекше кеш сыйлады.
Кеште Шәмшінің көпшілікке кеңінен таныс әндері бірінен соң бірі шырқалды. Әншілер сахнаға шығып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Залда отырған жұрт әндерді бірге айтып, ерекше көңіл күйге бөленді.
АЛТЫНАЙ ЖОРАБАЕВА, ӘНШІ
Әрине менің паспортыма айналған М.Шахановтың сөзіне жазылған «Өмір өзен» әнін орындадым. Ол 25 жыл бойы орындап келе жатсамда халық осы әнді сұрап тұрады. Сахнада Алтынай Жорабаева болып халықтың сүйіспеншілігін алған әнімді халық сұрап отырады. Әрине мен аранжировкасын өзгертіп тұрамын. Ән ескіріп қалмауы керек. Одан кейін «Қайдасын» әнін орындадым, үшінші ән өз репертуарымдағы «Бақытты әйел» әнін орындадым. Халық ықыласы өте керемет.
Аптап ыстыққа қарамастан, фестивальге келгендердің қарасы көп болды. Әр ән сайын қол соғып, сахнадағы өнерпаздарға қолдау білдірген көрермен кеш соңына дейін тарқамады.
ДОСЫМЖАН ТАҢАТАРОВ, ӘНШІ
Шәмші ағамыздың әндері Қазақ халқына қандай ыстық болса, Түркістан төрі де тура бүгін ыстық халқын бір қабылдап жатыр. Мұны жақсылыққа жориық. Сәтті кеш болсын. Тамаша әнмен бүгінгі кешті өткізейік. Түркістан қалай түлеп жатса Шәмші әндері де басқаша түлеп халыққа жетіп жатыр. Жас әншілеріміз Шәмші әндерін басқаша бір ырғақпен жеткізіп жатыр.
Бұл кеште тек танымал әндер ғана орындалған жоқ. Шәмші Қалдаяқовтың мол мұрасы тағы бір мәрте насихатталып, жас орындаушылар да өнер көрсетті. Олар халыққа таныс әндерді өзіндік нақышпен орындады.
МҰҚАҒАЛИ КЕНЖЕТАЙҰЛЫ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ МӘДЕНИЕТ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Бұл фестивалдің тарихы тереңде екенін білесіздер. Арыс жағасында ретро фестивалі болып басталып одан кейін «Менің Қазақстаным» халықаралық деңгейге жеткен фестиваль болған. Соның заңды жалғасы ретінде биыл тұрғындар мен туристерге ерекше демалыс сыйлау мақсатында, оның үстіне Шәмші әндерінің өміршең екендігін дәлелдеу, оның әндерін ел арасында кеңінен танымалдылығын арттыру мақсатында биыл «Шәмші әндері» фестивалі осындай еркін форматта ұйымдастырылып отыр.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл алғаш рет кең көлемде өткен «Шәмші әндері» фестивалін алдағы жылдары да жалғастыру жоспарланып отыр. Осылайша, Шәмші Қалдаяқовтың әндері Түркістан төрінде жыл сайын шырқалып, өнерсүйер қауымның басын қосатын мәдени кешке айналмақ.