Бір студент – екі диплом. Енді мұндай мүмкіндік Шымкентте қолжетімді. Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті мен Түркияның беделді Гази университеті бірлескен білім беру бағдарламасына талапкерлерді қабылдауды бастады. 2026–2027 оқу жылына 100 мемлекеттік грант бөлінген. Бағдарлама халықаралық деңгейдегі білім алып, қос диплом иеленгісі келетін жастар үшін жаңа мүмкіндікке жол ашып отыр.
Шетелдік үлгідегі білімге қызығушылық танытқандар аз емес. Биыл филиалға түсуге 150-ге жуық талапкер ниет білдірген. Қабылдау екі кезең бойынша өтті. Алдымен үміткерлер жазбаша емтихан тапсырып, оқу сауаттылығы мен теориялық білімін дәлелдеді. Кейін тыңдалым тапсырмаларын орындап, тілдік дайындық деңгейін көрсетті. Солардың бірі – талапкер Гүлсезім Жұмабек. Оның айтуынша, бұл бағдарламаның басты артықшылығы – бір оқу орнында білім алып, халықаралық үлгідегі екі дипломға ие болу мүмкіндігі.
ГҮЛСЕЗІМ ЖҰМАБЕК, ТАЛАПКЕР
Біріншісі бізде оқылым болды. Мәтін бойынша түрлі сұрақтарға жауап бердік. Үзілістен кейін тыңдалым болды. Сұрақтарға жауап беріп толтырдық. Бұл университетті таңдағаным бірден екі диплом беретін жүйесі ұнады.
Емтихандардың әділ әрі ашық өтуіне ерекше мән берілген. Бағалау жұмыстарын Түркиядағы Гази университетінен арнайы келген профессорлар жүргізіп жатыр. Бұл талапкерлердің білімін халықаралық талаптарға сай саралап, іріктеудің ашықтығын қамтамасыз етеді.
ҚАЙРАТ БАЛАБИЕВ, ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕКОВ АТЫНДАҒЫ ОҚПУ РЕКТОРЫ
Ашықтық әділдік болу керек. Заң үстемдігі академиялық еркіндік және есептілік болу керек. Осы жағдайдың барлығын университетке енгізіп жатырмыз. Гази университеті келешекте мықты университет болатынына сенімдіміз.
Жоба Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда. Бұл бастама отандық жоғары білім беру жүйесін әлемдік стандарттарға жақындатып, Қазақстан мен Түркия арасындағы академиялық байланысты жаңа деңгейге көтеруді көздейді. Ал талапкерлер үшін бұл – халықаралық деңгейде білім алып, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті маман атануға жасалған тағы бір маңызды қадам.