Балалар үшін демалыстың қызығы ауладан басталады. Ал жазғы маусымда бүлдіршіндердің қауіпсіздігі – басты назарда. Осындай жазатайым жағдайдың алдын-алу үшін Шымкентте «Қауіпсіз балалық шақ» профилактикалық акциясы ұйымдастырылды. Өрт сөндірушілер аптап ыстықта аулаға су бүркіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Бұл жолы су бүрку жұмыстары «Көкжайлау» тұрғын үй кешенінің ауласында өтті. Екі жүзге жуық тұрғын жиналған іс-шарада мамандар өрт қауіпсіздігі, судағы сақтық пен алғашқы медициналық көмек көрсету жолдарын түсіндірді. Құтқарушылар профилактикалық жұмыстан кейін балаларға шат-шадыман көңіл-күй сыйлап, су бүрку жұмыстарын жүргізді. Техникалық мүмкіндіктермен таныстырып, бүлдіршіндердің сауалдарына жауап берді.
МҰРАТ СЕРІКБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ТЖД МЕМЛЕКЕТТІК ӨРТ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ
Біз бұл іс-шара арқылы балалар мен олардың ата-аналарына өрт қауіпсіздігі, терезеден құлау қаупі бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жүрміз. Жалпы, қалада бес аудан бар. Күніне бірнеше тұрғын алаптарға барып, осылай су бүрку жұмыстарын жүргізіп жүрміз.
Жиын барысында кинологиялық қызметтің көрсетілімі ұйымдастырылып, қызметтік иттердің дайындығы да таныстырылды. Акция соңында тұрғындарға балмұздақ таратылып, құтқарушылар балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
- Осындай күн ыстықта салқын су шашып, балмұздақ бергеніне көп рақмет. Қуанып тұрмыз.
- Балаларға да, өзіме де қызық болды. Төтенше жағдайлар департаментіне алғысымды білдіремін. Осындай аптап ыстықта осындай іс-шара жүргізіп жатыр.
Мамандардың айтуынша, қауіпсіздік мәдениеті дәл осындай тағылымы мол іс-шаралар арқылы қалыптасады. Қауіп айтып келмейтіндіктен, түсіндіру жұмысын жиі жүргізу маңызды.