Қазақстанда бірыңғай QR-код жүйесі ресми түрде іске қосылды. Енді ел тұрғындары жүйеге қосылған кез келген сауда орнында өзіне ыңғайлы банк қосымшасы арқылы төлем жасай алады. Бұл жаңашылдық әртүрлі банктер арасындағы төлем жасауды жеңілдетіп, қолма-қол қаражатсыз есеп айырысудың қолжетімділігін арттырмақ.
Ұлттық банктің мәліметінше, бірыңғай QR платформасы өткен жылдан бері сынақ режимінде жұмыс істеп келген. Осы уақыт ішінде жүйенің техникалық мүмкіндіктері пысықталып, қауіпсіздігі тексерілді. Ал жаңа жүйе тұтынушылар үшін де, кәсіпкерлер үшін де тиімді. Өйткені енді сатып алушыларға белгілі бір банктің қосымшасын пайдаланудың қажеті жоқ. Ал бизнес өкілдері бірнеше QR-код орнатпай-ақ, барлық банк клиенттерінен төлем қабылдай алады. Айта кетейік, бұл жоба цифрлық төлем инфрақұрылымын дамытуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі.