Былтыр Қазақстанда жүрекке 13 мыңнан астам ашық операция жасалды. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 7,2 пайызға жоғары. Кардиохирургияның қарқынды дамуының арқасында Қазақстан осы саладағы жетістіктері бойынша әлемнің үздік 30 елінің қатарына енді. Бүгінде елімізде жүрекке ашық операциялар, эндоваскулярлық араласулар және жоғары технологиялық медициналық көмектің өзге де түрлері сәтті жасалып келеді.

Қазір отандық кардиологияда жоғары технологиялық медициналық көмектің 80-нен астам түрі көрсетіледі. Саланың маңызды жетістіктерінің бірі – 2025 жылы жүрек трансплантациясының 100-ші операциясының сәтті орындалуы. Бұл қазақстандық мамандардың жоғары кәсіби деңгейі мен трансплантология қызметінің дамуын көрсетеді. Соңғы бес жылда қанайналым жүйесі ауруларымен сырқаттанушылық 15 пайызға, ал осы дерттерден болатын өлім-жітім 35,1 пайызға төмендеген.