Жаһандану дәуірінде ұлттық болмысты сақтап қалудың ең сенімді жолы – рухани құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіру. Ақпараттың шексіз ағыны мен цифрлық кеңістіктің ықпалы артқан сайын әдебиет пен тағылымды еңбектердің орны бұрынғыдан да маңызды бола түсті. Жастардың кітапқа қызығушылығын арттыру мақсатында қолға алынған «КітапTime» жобасының қатысушылары кезекті рет бас қосып, тарихи туындыны талқылады


Бұл жолғы кездесуге белгілі жазушы, әдебиеттанушы ғалым Құлбек Ергөбектің «Өзбекәлі Жәнібек кім?» атты жаңа туындысы арқау болды. Зиялы қауым өкілдері мен оқырман жастар қайраткердің елдік сананы қалыптастырудағы ерен еңбегін кеңінен әңгімеледі. Оның мәдени мұраны сақтаудағы табандылығы мен ұлт болашағына деген жанашырлығы кейінгі ұрпаққа үлгі болатыныны айтылды.


ӘКІМЖАН ӘБДӘКІМОВ, ҚАЛАЛЫҚ ЖАСТАР САЯСАТЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Бұл іс-шарада жалпы он кітапты жастар талқылауы керек. Бүгін үшінші кітапты талқылап жатырмыз .Яғни бұл – Құлбек Ергөбектің Өзбекәлі Жәнібеков жайлы жазған туындысы. Бүгін тоғыз топ қатысып отыр. Талқылауда ерекше белсенділік көрсеткен қатысушыға ағамыздың кітабы мен қала әкімінің орынбасары атынан алғыс хат табыстаймыз.


 «КітапTime» – мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен жүзеге асып жатқан жоба. Түрлі туындымен танысып, санасын жаңғыртуды қалайтын жастар талқылау алаңында бас қосып, өзара пікір алмасады.


 ХУРСАНАЙ АЛИМОВА, ҚАТЫСУШЫ
Мен кітапқа құмар адам емес едім. Алғаш рет кітап талқылауға оқушыларды ертіп келдім. Кейін өзім де қатыстым. Осылай кітапқа деген қызығушылығым артты. Енді фестивальдің соңына дейін қатысамын деп отырмын.


 Бүгінгі таңда ұлттық кодты сақтау – қоғамның ортақ міндеті. Ал сол міндеттің негізі кітаптан, таным мен тарихи санадан басталады. Сондықтан мұндай әдеби кездесулер жастардың ел тарихына деген қызығушылығын арттырып, ұлттық құндылықтарды қадірлеуге тәрбиелейді. Ал бірнеше ай бұрын бастау алған бұл жоба жыл соңына дейін жалғасады.