Демалыс күндері Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков бірқатар әлеуметтік және өндірістік нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Алдымен шаһар басшысы ерлерге арналған қазақстандық «CORNELI» киім брендінің өндіріс орнында болды. Бұған дейін кәсіпорын аз қамтылған отбасылардан шыққан 100 балаға мектеп формасын сыйға тарту бастамасын көтерген болатын.
Кейін әкім «Қазығұрт» 220/110/10 кВ қосалқы станциясында үшінші трансформаторды іске қосу жұмысын көрді. Жоба электр жүктемесін тиімді бөліп, қаланың оңтүстік-батыс бөлігін тұрақты әрі үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ Елтай тұрғын алабында мамыр айындағы нөсерден кейін бүлінген су бұру жүйесін қалпына келтіру жұмыстары тексерілді. Қазір мұнда монолитті канал салынып, су бұру арналары жөнделіп жатыр. Бұл жұмыстар аумақты тасқын және нөсер суларынан қорғауға бағытталған. Бұдан бөлек, қала әкімі көшелерге су шашу жұмыстарын бақылап, Бадам су қоймасы жағалауында орналасқан «Omir Shymkent» туристік кешенінде болды. Жобаның алғашқы кезеңі аяқталған. Кешен заманауи демалыс аймағын қалыптастырып, экологиялық туризмді дамытуға бағытталған. Ғабит Сыздықбеков жауапты тұлғаларға жобаны одан әрі сүйемелдеп, туристік инфрақұрылымды дамыту және жаңа нысандарды ілгерілету жұмыстарын күшейтуді тапсырды.