Бөліп төлеу мен несиенің айырмасы неде? Қарызға ақша алып кәсіп бастаған қаншалықты тиімді? Қаржылық тұйық деген не? Осы және өзге де сауалдарға қаржылық сауаттылық саласының сарапшысы Дмитрий Казанцев жауап берді. Ол жергілікті кәсіпкерлермен кездесіп, шеберлік сағатын өткізді. Қаржылық тәртіп пен жауапкершіліктің маңызын түсіндіріп, мүмкіндіктерді сараптады.

Әлеуметтік желіде 250 мыңға жуық оқырманы бар Дмитрий Казанцевтің айтуынша, несиенің өздігінен зияны жоқ. Ең бастысы – оны мақсатты әрі тиімді пайдалану. Яғни, қарыз қаражатын той-думанға немесе қажетсіз сатып алуларға емес, тәуекелі төмен, жан-жақты жоспарланған бизнеске бағыттаған жөн. Алайда, оған дейін мамандармен кеңесіп, бизнес-идеяны мұқият пысықтау қажет. Сондай-ақ, қаржылық тұйыққа тірелмеу үшін кіріс пен шығыс есебін жүргізіп, жеке бюджетті дұрыс жоспарлаудың маңызы зор.

ДУМАН БАЖЕКЕЙ, «ДАМУ» ҚОРЫНЫҢ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
 – «Салық саласы және қаржылық сауаттылық бағыты бойынша сарапшы Дмитрий Казанцевпен бірлесіп шеберлік сағатын ұйымдастырдық. Бұл кәсіпкерлер үшін өте пайдалы кездесу болды.»

 Шеберлік сағатына жергілікті кәсіпкерлер мен қаржылық ұйымдардың қызметкерлері қатысты. Олар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, маманнан жан-жақты жауап алды.

САНИЯ АДРАХМАНОВА, «АЙМАР ҚҰС» ЖШС БАС ЕСЕПШІСІ
 – «Мен бас есепші болып жұмыс істеймін. Көптеген ақпаратты білемін. Бірақ бұл шеберлік сағаты білімімді толықтырып, жаңа мәліметтер алуға мүмкіндік берді.»

Шеберлік сағаты барысында сарапшы салық саласына қатысты өзекті мәселелерге де тоқталды. Сонымен қатар, қаржылық сауаттылықты арттырудың маңызы мен қаражатты тиімді басқару жолдарын жан-жақты түсіндірді.