Шымкентте қоғамдық көлік қозғалысында уақытша кідірістер тіркелуде. Бұған табиғи газ жеткізудегі уақытша шектеу себеп болып отыр. Соның салдарынан бірқатар автобус бағыттарының қозғалыс кестесі өзгерді.

20–23 шілде аралығында газ тасымалдау жүйесінде табиғи газ беру уақытша шектелген. Осыған байланысты автобустар автогаз құю бекеттерінде ұзақ уақыт кезек күтуге мәжбүр. Нәтижесінде кейбір бағыттар желіге кеш шығып, белгіленген қозғалыс кестесінен ауытқуда. Қазіргі таңда №5, 10, 15, 17, 21, 26, 34, 52, 66, 75, 113, 133, 138, 158, 182 және 191 бағыттарында уақытша кешігулер байқалады. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы газ жеткізу тұрақталғаннан кейін қоғамдық көлік қозғалысы қалыпты режимге көшетінін мәлімдеді. Осыған байланысты қала тұрғындары мен қонақтарынан уақытша қолайсыздыққа түсіністікпен қарау сұралады.