Түркістанда «Яссауи керуені» жолға шықты. «Достық үйінде» ұйымдастырылған ғылыми-танымдық семинарда Қожа Ахмет Яссауидің терең философиялық ілімі жан-жақты талқыланды. Қатысушылар бұл рухани мұраның бүгінгі қоғам үшін маңызын саралады. Жоба жастар арасында ұлттық және рухани құндылықтарды кеңінен дәріптеуді көздейді.
«Яссауи керуені» – өңір тұрғындарының тарихи санасын қалыптастыруға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және қоғамдағы рухани тұтастықты нығайтуға бағытталған жоба. Іс-шара аясында мазмұнды дәрістер мен ғылыми-танымдық семинарлар ұйымдастырылды. Қатысушылар Қожа Ахмет Яссауидің рухани-философиялық ілімін тереңірек зерделеді.
КЕНЖЕТАЙ ДОСАЙ, ПРОФЕССОР
Біздің халық Яссауидің кім екенін біледі. Оның тұлғасы, ілімі мен мәдениетінен барлығы хабардар деп ойлаймын. Дегенмен, осы «Яссауи керуенін» Түркістан облысынан бастап отырмыз. Яссауидің хәл ілімі тіліміздегі ойлау жүйесінде, әдет-ғұрпымызда, моральдық-этикалық жүйемізде, құқықтық-нормативтік жүйемізде, кәсіптік-экономикалық танымымызда, діл кеңістігімізде және тарихымызда көрініс тапқан. Сол ұстанымдарды халыққа қарапайым тілмен жеткізу – басты мақсатымыз.
«Яссауи керуенінің» негізгі миссиясы – Қожа Ахмет Яссауидің сарқылмас рухани мұрасын халыққа кеңінен насихаттау. Өңір тұрғындары мен жастарды ұлттық құндылықтар төңірегінде біріктіріп, қоғамдық келісімді нығайту. Бабалар аманатын жаңғыртуға бағытталған танымдық жоба бүгінде руханиятқа бастайтын ашық диалог алаңына айналып отыр.
РҮСТЕМ САБЫРЖАН, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ДІН ІСТЕРІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Осы іс-шара киелі Түркістан төрінен бастау алып, облыстың барлық қалалары мен аудандарын аралайды. «Яссауи керуеніне» яссауитанушы профессор Досай Кенжетай және өзге де білікті мамандар қатысып отыр. Негізгі мақсатымыз – Яссауи мұрасын елге кеңінен дәріптеу. Жоба алдағы уақытта өңірдің барлық қала-аудандарында жалғасады.
Жиында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев сөз сөйлеп, Мемлекет басшысы жүктеген міндеттер аясында Қожа Ахмет Яссауи мұрасын ғылыми тұрғыдан зерттеу мен кеңінен насихаттаудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ өңір басшысының құттықтау хаты мен сәлемін жеткізді.
ЕРТАЙ АЛТАЕВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Бүгін арнайы келіп, тәжірибесімен және білімімен бөліскен ясауитанушы ғалымдарға алғысымды білдіремін. Яссауидің салып кеткен сара жолын жалғастырудың маңызын тағы бір мәрте атап өттіңіздер. Өздеріңіз білесіздер, «Яссауи керуені» бүгін өз жұмысын бастады. Семинар облыстың барлық аудандарын аралайтын болады. Сондықтан аудандардағы әріптестеріңізге, таныстарыңызға хабар беріп, көпшілікті қатысуға шақыруларыңызды сұраймын. Келіп, өз ой-пікірлерін білдірсін.
Қожа Ахмет Яссауи мұрасын кеңінен танытуға бағытталған жоба өңір тұрғындарының тарихи-рухани құндылықтарға деген қызығушылығын арттырып, қоғамдағы рухани келісім мен ұлттық бірлікті нығайтуға ықпал етпек.