Түркістанда тағы бір жаңа демалыс орны пайдалануға берілді. Есу арнасының бойында Орталық Азияда баламасы жоқ жағажай ашылып, алғашқы демалушыларды қабылдай бастады. Жаңа нысанның ерекшелігін тілшіміз баяндайды.
Ұзындығы шамамен бір шақырымға созылған жағажайда жайлы әрі қауіпсіз демалыс үшін барлық жағдай жасалған. Мұнда суға түсуге арналған арнайы аймақтар, төрт құтқару мұнарасы, киім ауыстыру бөлмелері мен көлеңкелі шатырлар орнатылған. Балаларға ойын және су сырғанақ алаңдары, ал ересектерге жағажай волейболы мен воркаут алаңдары қарастырылған. Сонымен қатар катамаран және қайықпен серуендеу, банджи-батут секілді ойын-сауық қызметтері де қолжетімді.
ЕСЕНӘЛІ ІЗТІЛЕУОВ, АҚСАҚАЛДАР АЛҚАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
Түркістанымыздың өркендеп өсуінің тағы бір көрінісі ай сайын осындай жақсы жаңалықтарға куә болып жатырмыз. Түркістандықтар өте қуанышты.
Мамандардың айтуынша, су сапасы санитариялық-эпидемиологиялық және экологиялық зертханалардың тексеруінен толық өткен. Ал демалушылардың қауіпсіздігін арнайы дайындықтан өткен құтқарушылар тәулік бойы қадағалайды.
ҚҰРБАН СҮЛЕЙМЕНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Өз балаларымды немерелерімді алып келдім. Және өз ұжымымызбен келдік. Біздің қаламыз көркейіп өсе берсін.
Жағажайдың ашылуы мерекелік концертпен басталып, қонақтар жаңа демалыс аймағының мүмкіндіктерін алғашқылардың бірі болып пайдаланды. Олар суға түсіп, қайықпен серуендеп, түрлі ойын-сауықтарға қатысты. Жағажай күн сайын таңғы 08:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Кіру құны 6 жасқа дейінгі балаларға – тегін, 7–14 жас аралығындағы балаларға – 500 теңге, ал 15 жастан асқан келушілер үшін – 1000 теңге.