Шымкентте көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттері муралдармен безендіріліп жатыр. Қабырғаларға отбасы құндылықтарын дәріптеп, тазалыққа үндейтін туындылармен қатар, ұлт тарихындағы белгілі тұлғалар, құтқарушылар мен еңбек адамдарының бейнелері салынған. Бұл бастама қаланың ажарын ашып қана қоймай, ұлттық құндылықтарды насихаттауға да үлес қоспақ.
Абылайхан Сүлейменов қабырғадағы кезекті туындысын салып жатыр. Бұл жолы суретші қазақтың ғашықтық жырының кейіпкерлері – Қозы Көрпеш пен Баян сұлу бейнесін заманауи үлгіде бейнелеуде. Әуелі суреттің әр бөлшегін мұқият сызып шығып, кейін бояуын келтіреді. Бір муралдың сапалы шығуы үшін апталап еңбек етуге тура келеді.
АБЫЛАЙХАН СҮЛЕЙМЕНОВ, СУРЕТШІ
Салып жатқан суретіміз -Қозы Көрпеш пен Баян сұлу. Заманға сай етіп бейнелеп жатырмыз. Жұмысты бастағанымызға бір аптадай болды. Алдымен қабырғаны жақсылап грунттап, екі-үш қабат етіп дайындаймыз. Содан кейін контурын түсіріп, суреттің бояуын шығарамыз.
Биыл қалада осындай елуге жуық ғимарат жаңа кейіпке енеді. Көше өнері арқылы отбасы құндылықтары, экологиялық мәдениет пен адалдық идеялары дәріптелмек.
ФАРИЗА МЕЙІРБЕК, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Маған қатты ұнады. Әсіресе «Таза Қазақстан» тақырыбындағы сурет ерекше әсер қалдырды. Бұл адамдарды тазалыққа шақырып, табиғатты аялауға үндейді. Жарқын түстермен салынғандықтан, көз тартады.
ӘЛІБИ СЕЙІЛХАН, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Нұрсәт шағынауданында осындай суреттерді жиі көріп жүрмін. Сырт көзге өте әдемі көрінеді. Көрген адамның көңілінен шығады деп ойлаймын. Шетелден келген қонақтарға да ұнайды әрі қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетін танып-білуге ықпал етеді.
Ұлттық нақыштағы заманауи туындылар үйлердің қасбетін ғана емес, тұтас қаланың келбетін көркейтіп тұр. Ауқымды жобаға демеушілер де қызығушылық танытып, қолдау көрсете бастады. Тұрғындардың сұранысы да жылдан-жылға артып келеді.
ЖАРЫЛҚАСЫН МӘШБЕК, ҚАРАТАУ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Жалпы аудан тұрғындары тарапынан мурал салуға сұраныс көп. Біз мурал сала бастағаннан кейін басқа үйлердің тұрғындары да «біздің үйге де салып беріңіздер» деген ұсыныстарын айтып келеді. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Біз мурал салып қана қоймай, үйлердің сыртқы келбетін де жаңартып жатырмыз.
Қаладағы тұрғын үйлердің қабырғаларына заманауи композициялармен қатар, ұлт тарихындағы ұлы тұлғалар, елге еңбегі сіңген азаматтар, табиғат көріністері мен ертегі кейіпкерлері де бейнеленіп жатыр. Муралдар тұрғын үйлермен қатар, үлкен көшелердің бойы мен жаяу жүргіншілер өткелдеріне де салынып келеді.