Елімізде жыл соңына дейін барлық жолаушылар пойызын спутниктік интернетпен қамту жоспарланып отыр. Бұл туралы Көлік министрлігі мәлімдеді. Қазірдің өзінде Қызылорда – Павлодар, Жезқазған – Астана, Астана – Семей, Алматы – Достық және Қызылорда – Көкшетау бағыттарындағы пойыздарда интернет қолжетімді. Енді бұл қызмет қалған бағыттарға да кезең-кезеңімен енгізіледі.


Спутниктік байланыс ұялы желіні қамтымайтын теміржол учаскелерінде де үзілмейді. Жолаушылар пойыздағы Wi-Fi желісіне қосылмас бұрын авторизациядан өтеді. Сондай-ақ әлеуметтік желілерді, бейнесервистер мен басқа да онлайн қызметтерді пайдалануға мүмкіндік беретін ақылы тарифтер де ұсынылады. Көлік министрлігі тасымалдаушыларға барлық жолаушылар пойызын спутниктік интернетпен жабдықтау жұмыстарын жеделдетіп, оны биылғы жылдың соңына дейін толық аяқтауды тапсырды.