Шіліңгір шілде – оңтүстік өңірлерде дала және орман өртінің қаупі күшейетін кезең. Сондықтан Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері қауіпсіздік шараларын барынша күшейтіп отыр. Ордабасы ауданында өрттің алдын алу жұмыстары пысықталды. Бұл жолы Темірлан ауылы маңындағы бақылау бекеттерінің дайындығы сараланды.


 Биыл көктем жауын-шашынды болып, дала шөбі бітік өсті. Ал шілде айында күннің күрт ысуына байланысты жайылымдар мен орман алқаптарында өрт қаупі күшейіп тұр. Ыстыққа төзімді орман-тоғайлардың өзі қурап, өртке бейім күйге түскен. Қауіп өңірдің барлық аумағында жоғары. Сондықтан ауданды кесіп өтетін Арыс өзенінің жағалауы мен орман алқаптары ерекше бақылауға алынған.


ЖОМАРТ ҚОСПАНОВ, АУДАНДЫҚ ТЖБ БАСТЫҒЫ
«Қазіргі таңда өздеріңіз көріп тұрғандай, аптап ыстық. Осыған байланысты өрт қаупі өте жоғары. Сондықтан “Бадам орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі” коммуналдық мемлекеттік мекемесімен бірлесіп, күн сайын рейдтік іс-шаралар өткізіп жатырмыз.»


Бақылау бекетінде арнайы мұнара орнатылған. Сол арқылы орман алқаптары мен егістік жерлер толық бақылауға алынады. Биіктен ауыл маңы алақандағыдай көрінеді. Өрт сөндіру техникасы сақадай сай. Соқалы трактор, тіркемелі су бөшкесі және өртті сөндіруге қажетті құрал-жабдықтар толық дайын. Қазір 10-ға жуық қызметкер орман шаруашылығына қарасты 4 759 гектар аумақты тәулік бойы бақылауда ұстап отыр.


ДӘУЛЕТ ҚҰРМАНАЛИЕВ, «БАДАМ ОРМАН ЖӘНЕ ЖАНУАРЛАР ӘЛЕМІН ҚОРҒАУ ЖӨНІНДЕГІ» КММ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Қазіргі таңда 3 мың гектардан астам аумақ өрт қаупі жоғары аймаққа жатады. 83 гектар минералдандырылған жолақ жүргізілді, олардың екінші кезеңі жаңартылды. Сонымен қатар ЗИЛ автоцистернасы мен арнайы техника дайын тұр.»


Егістік алқаптарынан бөлек, аудан аумағындағы республикалық маңызы бар автожолдардың бойындағы жайылымдарда да қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Дала өртінің алдын алу мақсатында аудан әкімдігі арнайы іс-шаралар жоспарын бекіткен. Тілсіз жау тұтқиылдан төнген жағдайда оны ауыздықтауға жергілікті еріктілер де жұмылдырылады. Аудандағы 10 ауылдық округтің әрқайсында ерікті өрт сөндіру тобы құрылған. Мамандардың айтуынша, дала өртінің басым бөлігі адам әрекетінен туындайды.