Шымкентте отандық өнім сапасын саралаған «Қазақстанның үздік тауары – 2026» өңірлік байқауы өтті. «Көрме» орталығында ұйымдастырылған іс-шарада қаладағы үздік өндіріс орындары мен қолөнер шеберлері өз тауарларын көпшілік назарына ұсынды. Жергілікті брендтерді дамытуға бағытталған жобаға 100-ге жуық кәсіпкер қатысуға ниет білдірді. Қай өнім үздік деп танылды? Астанада Шымкенттің намысын кім қорғайды? Тілші материалында.
НҰРЛАН ПАЙЗОВ, ТІЛШІ
Мегаполисте отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған басты алаң өз жұмысын бастады. Бүгін «Көрме» орталығында Шымкенттің үздік тауар өндірушілері бас қосты. «Қазақстанның үздік тауары» байқауы – жергілікті брендтерді танытып, кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған жоба. Мұнда табиғи сүт өнімдерінен бастап, отандық киім-кешек пен қолөнер бұйымдарына дейін ұсынылған. Тіпті «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында Шымкент пен көршілес аудандардың ерекше тауарлары да қойылған. Сапасы шетелдік өнімдерден кем түспейді.
Мегаполисте ешкі сүтінен жасалатын өнімдерге сұраныс артып келеді. Оның құрамы қою әрі майлылығы жоғары болғандықтан, сапалы әрі дәмді өнімдер дайындалады. Салтанат Пернебекова бұл кәсіппен екі жылдан бері айналысады. Өңірлік көрмеге алғаш рет қатысқан кәсіпкер өз өнімдерін қала тұрғындарының назарына ұсынды. Алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, жергілікті дүкен сөрелеріне өнімдерін тұрақты шығаруды жоспарлап отыр.
САЛТАНАТ ПЕРНЕБЕКОВА, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР
Ешкі өнімдері табиғи. Ішінде таңқурай, құлпынай қосылған түрлері бар. Ешқандай жасанды қоспа жоқ, тек қант алмастырғыш пайдаланылады. Арнайы ашытқымен өндіреміз. Өнімімізді қант диабетімен ауыратын балалар мен ересектер тұтынады. Сұраныс жақсы. Шымкенттен бөлек, Алматы, Тараз және Түркістан қалаларынан тапсырыс береді.
Көрмеге Жәмила Пармағанбетова да сүттен дайындалған табиғи өнімдерін алып келді. Кәсіпкер бұл саламен он жылдан бері айналысады. «Қазақстанның үздік тауары» байқауына биыл екінші рет қатысып отыр. Айтуынша, өнімдері байқау талаптарына толық сәйкес келеді.
ЖӘМИЛА ПАРМАҒАНБЕТОВА, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР
Үздік тауар атану үшін өнім табиғи әрі сапалы болуы керек. Біздің өнім ешқандай қоспасыз дайындалады. Сондықтан үздік тауар атағына лайық деп есептейміз. Бұл кәсіппен айналысып келе жатқанымызға он жылдай болды. Тұрақты тұтынушыларымыз бар. Осы уақытқа дейін ешкім шағым айтқан емес. Қаланың көптеген сауда орындарына өнім жеткіземіз. Барлығы табиғи өнім екенін айтып, жоғары бағалайды. Балаларға да кальцийге бай болғандықтан жиі алады.
Көрме-байқауға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков пен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы аппаратының басшысы Нұрбек Нәлқожа арнайы қатысып, отандық өндірістің әлеуетіне жоғары баға берді.
НҰРБЕК НӘЛҚОЖА, «АТАМЕКЕН» ҰКП АППАРАТЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Бүгін қатысып отырған кәсіпкерлердің өнімдерін көріп, олардың әлеуетінің жоғары екеніне көз жеткіздік. Бұл өнімдердің ішкі нарықта ғана емес, экспортқа да шығуға мүмкіндігі бар. Шымкент кәсіпкерлігі жыл сайын қарқынды дамып келеді. Егер былтыр байқауға жетпістен астам кәсіпкер қатысса, биыл олардың саны жүзге жуықтады. Бұл – өңірдегі кәсіпкерліктің тұрақты дамып келе жатқанының айқын дәлелі.
«Көрме» орталығында азық-түлік, фармацевтика, машина жасау, химия, жеңіл өнеркәсіп және құрылыс саласындағы жергілікті кәсіпорындар өз өнімдерін таныстырды. Сарапшылар өнімнің сапасын, дизайнын және бәсекеге қабілеттілігін бағалап, үздіктерді анықтайды. Жеңімпаздар республикалық кезеңде Шымкенттің намысын қорғайды.
НҰРЛАН ПАЙЗОВ, ТІЛШІ
«Қазақстанда жасалған» деген жазуды көргенде көңіл қуанады. Өйткені мұндағы әрбір өнімнің артында жергілікті кәсіпкерлердің маңдай тері мен табанды еңбегі жатыр. Байқауға қатысушылар тек өзара бәсекеге түсіп қана қоймай, өнімдерін кеңінен таныстыруға мүмкіндік алды. Ал бүгін үздік деп танылған кәсіпкерлер Шымкенттің намысын республикалық кезеңде қорғайтын болады.