Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Үндістан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Сайлас Тангал бастаған делегациямен кездесті. Кездесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық және өнеркәсіптік ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктері, екі елдің іскер топтары арасындағы тікелей байланыстарды дамыту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

 Қала әкімі Шымкенттің инвестициялық және өнеркәсіптік әлеуетін таныстырып, мегаполистің еліміздегі ірі экономикалық орталықтардың бірі екенін атап өтті. Кездесу аясында делегация мүшелері «Қазақстанның үздік тауары – 2026» және «Бір ауыл – бір өнім» өңірлік көрме-байқауларының экспозициясын тамашалады. Көрмеде 100-ден астам жергілікті тауар өндіруші тамақ, фармацевтика, химия, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустриясы және өзге де салалардағы өнімдерін ұсынды. Іскерлік бағдарлама аясында Қазақстан–Үндістан бизнес-форумы өтіп, Үндістан өнеркәсіп конфедерациясы мен Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.