Терроризмге қарсы комиссияның отырысында сайлау учаскелеріндегі қауіпсіздік мәселесі қаралды. 23 тамызға белгіленген Құрылтай сайлауы – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі аса маңызды тарихи оқиғалардың бірі. Осыған орай сайлау үдерісін ашық, әділ әрі заң талаптарына сай өткізу – басты басымдық. Жергілікті атқарушы органдар мен сайлау комиссиялары бірлесіп дайындық жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатыр. Қазіргі таңда қала аумағында 365 сайлау учаскесі тіркелген.
Қала бойынша сайлаушылар саны 714 мыңнан асады. Жиында қаладағы террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалу деңгейіне жүргізілген талдаудың қорытындысы қаралды. Сондай-ақ оларды қорғау жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталған нақты міндеттер айқындалды. Отырыс барысында мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын күшейту, профилактикалық іс-шаралардың тиімділігін арттыру және қауіпсіздік талаптарының сақталуына тұрақты мониторинг жүргізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.