Жаз мезгілі – демалушылар өңірдегі өзен-көлдерге көптеп келетін кезең. Сондықтан шомылу маусымында қауіпсіздік шаралары күн тәртібінен түскен емес. Ордабасы аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері рейдтік іс-шараларды тұрақты түрде жүргізіп келеді. Жыл басынан бері аудан аумағында белгіленбеген жерде суға түсу салдарынан екі адам көз жұмған.


Аудан әкімдігі, Төтенше жағдайлар бөлімі және полиция қызметкерлері бірлесіп өткізген кезекті рейд барысында тұрғындарға судағы қауіпсіздік талаптары түсіндірілді. Шомылуға тыйым салынған орындарда суға түсудің қауіпті екені ескертілді. Нәтижесінде қауіпсіздік талаптарын бұзған екі азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды. Сонымен қатар 13 азаматқа ескерту беріліп, 42 тұрғынға қауіпсіздік талаптары жазылған жадынамалар таратылды.


ЖҮСІПБЕК АРЫСТАНБЕК, УЧАСКЕЛІК ПОЛИЦИЯ ИНСПЕКТОРЫ
Қазіргі таңда аудан тұрғындарына рейдтік іс-шаралар жүргізіп жатырмыз. Шомылу қауіпсіздігі ережелерін түсіндіріп жатырмыз. Шілде айының өзінде 20 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылды.


 Арыс өзені республикалық маңызы бар автожолдарды қиып өтетіндіктен, мұнда салқындағысы келетін жолаушылар да көп келеді. Қауіпті аймақтардың бірі – Темірлан ауылына кіреберістегі көпір асты. Жаз мезгілінде бұл жерге адамдар көп жиналады. Сондықтан әрбір тұрғын өз қауіпсіздігіне және балаларының өміріне жауапкершілікпен қарауы тиіс. Сала мамандары аудан тұрғындары мен қонақтарын белгіленбеген орындарда шомылмауға және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.


ЖОМАРТ ҚОСПАНОВ, АУДАНДЫҚ ТЖБ БАСТЫҒЫ
Аудан әкімінің өкімімен арнайы жедел штаб құрылды. Оның құрамына барлық тиісті мекемелер енгізілді. Штаб жұмысына аудандық төтенше жағдайлар бөлімі үйлестірушілік етеді. Күн сайын рейдтік іс-шаралар жүргізіліп келеді.


Арнайы жағажайларда шомылу кезіндегі қауіпсіздік ережелері жазылған ақпараттық тақтайшалар орнатылған. Сонымен қатар құтқару кеудешелері мен құтқару шеңберлері дайын күйде сақталады. Бұл жабдықтар төтенше жағдайда адамдарды құтқару кезінде пайдаланылады. Әр жағажайға бір-бірден құтқарушы бекітілген. Олар демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, тұрақты бақылау жүргізеді.