Шымкентте Америка Құрама Штаттарының 250 жылдық тарихын таныстыратын бірегей көрме ашылды. Экспозиция АҚШ-тың тәуелсіздік жолы мен мемлекет ретінде қалыптасу тарихынан сыр шертеді. Көрмеге келген жұрт қандай тың мәліметтермен таныса алады? Сюжеттен көрейік.

 Көрме келушілерді ерекше атмосферамен қарсы алады. Мұнда АҚШ тарихындағы маңызды оқиғалар мен елдің дамуына ықпал еткен тарихи тұлғаларды бейнелейтін 80-нен астам туынды ұсынылған. Әрбір экспонаттың жанындағы QR-код арқылы қосымша бейнематериалдарды көруге болады. Сондай-ақ еріктілер әр туындының тарихын жан-жақты таныстырып береді.

 ЭЛИНА ҚАДІРОВА, AMERICAN CORNER SHYMKENT КООРДИНАТОРЫ
«Көрмеге қойылған туындылардың барлығы Вашингтон қаласынан арнайы жеткізілді. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе. Себебі көрме алғаш рет кітапханамызда АҚШ дипломатиялық миссиясының қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Бұған дейін экспозиция Әбілхан Қастеев атындағы музейде көрсетілген болатын.»

Қонақтар көрме арқылы АҚШ тарихын үш негізгі бағыт бойынша танып-біле алады. Атап айтқанда, экспозицияда елдің негізін қалаған тарихи тұлғалардың портреттері, Америка революциясындағы әйелдердің рөлі және тарихи маңызы зор оқиғалар қамтылған.

 МӨЛДІР УБАЙДУЛЛАЕВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ МӘДЕНИЕТ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Америка Құрама Штаттарының 250 жылдығына орай ұйымдастырылған бұл көрме екі ел арасындағы мәдени-ағартушылық байланысты одан әрі нығайтады деп сенеміз. Алдағы уақытта да мәдени-ағартушылық бағыттағы бірлескен жобаларды жалғастыра береміз.»

Шараның ашылуына АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулдығының қоғаммен байланыс жөніндегі бас консулының орынбасары Джефф Райденур арнайы қатысты. Ұйымдастырушылар мұндай халықаралық мәдени жобалар екі мемлекет арасындағы серіктестікті кеңейтіп, мәдени және білім беру салаларындағы байланысты нығайтуға ықпал ететінін айтады.

Танымдық көрме 31 шілдеге дейін келушілер үшін ашық болады. Ұйымдастырушылар қала тұрғындары мен қонақтарын экспозициямен танысып, Америка тарихының маңызды кезеңдерін жақынырақ тануға шақырады.