Жыл басынан бері бизнес-идеяларды іске асыруға арналған портал арқылы 435 өтінім қабылданды. Грантқа үміткерлер өз бизнес-жобаларын комиссия алдында қорғады. Бағалау барысында комиссия мүшелері жобалардың өміршеңдігіне, нарықтағы сұранысына, үміткерлердің осы саладағы тәжірибесіне және жаңа жұмыс орындарын құру мүмкіндігіне басымдық берді.

Комиссия құрамына бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, кәсіпкерлер, жоғары оқу орындарының ғалымдары мен оқытушылары, сондай-ақ Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мамандары кірді. Комиссия шешімімен 105 азаматқа қайтарымсыз мемлекеттік грант тағайындалды. Қазіргі таңда грант иегерлері мен Еңбек мобильділігі орталығы арасында келісімшарттар жасалып жатыр. Айта кетейік, биыл мемлекеттік грант көлемі 400 айлық есептік көрсеткішті, яғни 1 миллион 730 мың теңгені құрайды. Мемлекеттік гранттар әлеуметтік осал топтарға жататын жұмыссыз азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірдегі шағын бизнестің дамуына серпін беруге бағытталған.