Цифрлық технология дамыған сайын интернет-алаяқтық, қаржы пирамидалары мен құмар ойындардың қаупі де күшейіп келеді. Әсіресе алаяқтардың арбауына жастар жиі түсуде. Осы өзекті мәселелердің алдын алу және тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында Шымкентте баспасөз брифингі өтті.

Мамандардың айтуынша, тұрғындардың қаржылық және құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында 51 іс-шара ұйымдастырылып, оған мыңдаған тұрғын қатысты. «Қаржылық сауаттылық – табысты болашақтың кепілі», «Қаржылық сауаттылық – қауіпсіздік кепілі» және жасанды интеллект технологияларын қауіпсіз пайдалану тақырыптарында өткен кездесулерге 7600 студент қатысқан. Сонымен қатар, «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында интернет-алаяқтықтың алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстар күшейтілді. Әлеуметтік желілерде жарияланған бейнероликтер 51 мыңнан астам қаралым жинаған.

ДӘУРЕН ТҰРҒЫНБАЙ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ЭТТД БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Сәуір айында қаржылық сауаттылық айлығы ұйымдастырылып, бір айдың өзінде жеті ірі іс-шара өтті. Оның ішінде QUIZ ойындары, экскурсиялар, дөңгелек үстелдер мен интерактивті кездесулер ұйымдастырылды. Бұл шараларға 1615 адам қатысты.