Шымкент қаласында «Әділет» партиясының қалалық сайлауалды штабының ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға мәслихат депутаттары, партия белсенділері, этномәдени бірлестіктер мен зиялы қауым өкілдері, жастар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жиын барысында «Әділет» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Жолдыхожаев сайлауалды штабтың құрамы мен алдағы үгіт-насихат жұмыстарының ұйымдастырылуы туралы ақпарат берді.
«Шымкент қаласында 710 мыңға жуық сайлаушы тіркелген. Сайлау науқаны кезеңінде партия атынан 365 сайлау учаскесінде 1825 сенімді өкіл мен байқаушы жұмыс жүргізеді», - деді ол.
Үгіт-насихат кезеңінде қалалық және аудандық деңгейде алты штаб жұмыс істейді. Олардың құрамында 150 азамат бар. Сондай-ақ науқанға 150 спикер, 100 жаңа тұлға, 50 медиа тұлға және 700 ерікті қатысады.
Штаб құрамына мәслихат депутаттары, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, зиялы қауым мүшелері, жастар және партия белсенділері енгізілген.
Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарының жоспарына сәйкес, қала аумағында барлығы 528 іс-шара өткізу көзделген. Олар онлайн және офлайн форматта ұйымдастырылып, шамамен 700 мың сайлаушыны қамту жоспарланып отыр.
Жиында сондай-ақ ақпараттық сүйемелдеуге қатысты жоспар таныстырылды. Оған сәйкес материалдар жергілікті бес телеарнада, екі мерзімді басылымда, 30-ға жуық ақпараттық порталда және бес танымал пабликте жарияланады. Бұдан бөлек, қала аумағындағы 200-ге жуық LED экран мен билбордта үгіт-насихат материалдары орналастырылғаны айтылды.
Іс-шара барысында сайлауалды штабтың алдағы кезеңдегі жұмыс тәртібі мен ұйымдастыру мәселелері де талқыланды.