Жас өнертапқыштар медицина саласына қатысты инновациялық жобаларын ұсынып, жасанды интеллект мүмкіндіктерін таныстырды. Жарысқа 250-ден аса өтінім түскен. Ұйымдастырушылар өзекті әрі өміршең деп таныған 11 жобаны іріктеп, финалдық кезеңге жолдама берген. Талапкерлер өз өнімдерін көпшілік алдында қорғап, мән-маңызын түсіндірді. Сюжеттен көріңіз.

Әсем Мылтықбай – Түркияның «Гази» университетінде оқиды. Болашақ дәрігер медициналық қызметті орталықтандыратын бағдарлама құрастырған. Ол жасаған жоба арқылы пациент дәрігер қабылдауына онлайн жазылып, ем-дом тағайындауларын QR-код арқылы көре алады.

ӘСЕМ МЫЛТЫҚБАЙ, СТУДЕНТ
 – «Барлығы бір бағдарламада болады. Пациент дәріханаға барғанда сол нұсқаулықты көрсетеді. Сосын мұнда дәрігер қабылдауына онлайн жазылу мүмкіндігі де қарастырылған.»

 Жарысқа Қазақстанның барлық өңірінен қатысушылар келген. Іріктеуден іркілмей өткен 15 команда өз өнімін қорғап, оның қаншалықты тиімді екенін дәлелдеді. Әр ұжым белгіленген уақыт шеңберінде жобаның мән-маңызын, өміршеңдігін түсіндірді.

ТИМУР ҚОЗЫКЕЕВ, SHYMKENT HUB ДИРЕКТОРЫ
 – «Ең басты критерий – жобаның жүзеге асу мүмкіндігі. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге берілетін жалпы жүлде қоры 1 млн теңгені құрайды.»

 Ұйымдастырушылардың айтуынша, жеңімпаздар мен жүлдегерлер ұсынған өміршең жобалар алдағы уақытта қолдау тауып, іске асуы әбден мүмкін.