Жалған жұмыс, жоғары жалақы, жеңіл еңбек. Қазір елімізде осындай жарнамаларға сеніп, сан соғып жатқандар аз емес. Алаяқтар адамның сеніміне кіріп, еңбекке жығып, заңсыз әрекеттерге тартуды көздейді. Арбауына түсірген соң сауда құрбанына айналдырып, теріс пиғылын жүзеге асырады. Бұл мәселенің алдын-алу үшін бүгін құзырлы орган өкілдері елордаға аттанатын пойызда түсіндірме жұмысын жүргізіп, жадынама таратты.
Адам саудасы – қару-жарақ пен есірткінің заңсыз айналымынан кейінгі әлемдегі ең қауіпті қылмыс түрлерінің бірі. Сондықтан жаһан жұртшылығы бұл қылмыспен күресті күшейтіп келеді. Қазақстан да бұл бағыттағы жұмысты жүйелі түрде қолға алған. Бірер жыл бұрын Мемлекет басшысының бастамасымен адам саудасына қарсы іс-қимылды күшейтуге бағытталған арнайы заң күшіне енді. Дегенмен, сала мамандары бұл мәселені алдын-алудың жалғыз жолы – халықты ақпараттандыру екенін айтады.
ДАСТАН ИМАНСЕЙІТОВ, ҰЙЫМДАСҚАН ҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ КҮРЕС БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ
Адам саудасы өте ауыр қылмыс.Қылмыскерлер адамдарды түрлі нәрсе үшін пайдаланады. Бұның алдын-алу мақсатында қазір республикалық акция өтіп жатыр.Бүгін пойыз ішінде адамдарға түсіндіру жұмысын жүргіземіз.
Халықаралық сарапшылардың дерегінше, бүгінде әлем бойынша шамамен екі жарым миллион адам құлдықтың құрбанына айналған. Күмәнді шақыртулардың басым бөлігі Қытай, Корея, Түркия және Еуропаның бірқатар елдерінен түседі. Ал Қазақстанда жәбірленушілерге жан-жақты қолдау көрсететін «Сана Сезім» орталығы жұмыс істейді. Мұнда құқықтық, психологиялық әрі әлеуметтік көмек тегін көрсетіледі.
ЭЛИНА ЕНИКЕЕВА, «САНА СЕЗIМ» ӘЙЕЛДЕР БАСТАМАЛАРЫНЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЗАҢГЕРІ
Бізге түрлі өтініштер түседі. Соның ішінде шетелде немесе Қазақстанның басқа өңірлерінде жұмыс істеу туралы ұсыныс алған азаматтар да кеңес сұрап жүгінеді. Сол себепті басқа мемлекетке немесе өзге өңірге жұмыс іздеп барар алдында ең алдымен қауіпсіздік шараларын сақтап, жұмысқа орналастыратын ұйымның заңды екенін мұқият тексеру қажет. Ал орталықта жәбірленушіні қоғамға қайта бейімдеу үшін жан-жақты психологиялық әрі әлеуметтік қолдау көрсетіледі.
Мамандар қауіпке тап болған не күмәнді ұсыныстарға кезіккен ел тұрғындарын уақыт оздырмай көмекке жүгінуге шақырады. Өйткені адам саудасының алдын алудың ең тиімді жолы – сақтық шаралары.