Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 16,75 пайызға дейін төмендетті. Реттеуші бұл шешімді елдегі инфляция қарқынының бәсеңдеуімен байланыстырып отыр.
Маусым айында жылдық инфляция 10,3 пайызға дейін төмендеп, қатарынан тоғызыншы ай бәсеңдеу үрдісін жалғастырды. Баға тұрақтылығына жүргізіліп жатқан ақша-кредит саясаты, теңге бағамының нығаюы және ішкі тұтынушылық белсенділіктің тұрақтануы оң ықпал еткен. Сонымен қатар, ел экономикасында да оң динамика байқалады. Жылдың алғашқы жартыжылдығында жалпы ішкі өнім 4,1 пайызға өссе, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі мен көлік саласында өсім тіркелді. Сондай-ақ шикізаттық және шикізаттық емес секторларға тартылған инвестиция көлемі айтарлықтай артқан. Әсіресе шикізаттық емес салаға салынған инвестиция шамамен 29 пайызға көбейген. Соған қарамастан, Ұлттық банк тәуекелдердің әлі де сақталып отырғанын айтады. Жанар-жағармай бағасы мен коммуналдық тарифтердің өсуі, тұтынушылық сұраныстың артуы және Таяу Шығыстағы геосаяси ахуал баға тұрақтылығына қысым көрсетуі мүмкін. Сондықтан реттеуші инфляцияны бақылау бағытындағы саясатты жалғастыратынын мәлімдеді.