«Ақ жол» партиясының Шымкент қалалық сайлауалды штабы жұмысын бастады. Алаш идеясын негізге алған, шағын және орта бизнестің мүддесін қорғайтын партия Құрылтай сайлауына 63 кандидат ұсынды. Оның үшеуі Шымкент қаласының атынан бақ сынамақ.

Үгіт-насихат кезеңінде қалалық және аудандық деңгейде «Ақ жолдың» бірнеше штабы жұмыс істейді. Оның құрамында 118 сенімді өкіл мен 50-ден аса ерікті бар. Партия алдағы бір айда 100-ден аса іс-шара өткізіп, 700 мың сайлаушыға өз бағдарламасын таныстыруды жоспарлап отыр.

 МҰХТАР ШЫМЫРОВ, «АҚ ЖОЛ» ҚДП ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
Үгіт-насихат жұмыстарына партия белсенділері, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері, жастар және еріктілер жұмылдырылды. Шымкент қаласы бойынша штабтардың құрамында 118 сенімді өкіл және 20 ерікті жұмыс істейді. Алдағы күндері тұрғындармен ашық кездесулер өткізіліп, партияның сайлауалды бағдарламасы жан-жақты таныстырылады. Өзгерістер «Ақ жолдан» басталады. Сол өзгерістерді халықпен бірге жүзеге асырамыз.

Жиында ақпараттық сүйемелдеуге қатысты жоспарлар пысықталды. Оған сәйкес партияның сайлауалды бағдарламасы жергілікті телеарналар мен әлеуметтік желілерде кеңінен насихатталады. Сонымен қатар қала аумағындағы 25-ке жуық LED-экран мен билбордтарда үгіт-насихат материалдары орналастырылады. Құрылтай сайлауына «Ақ жол» партиясынан Шымкенттен үш кандидат ұсынылған. Кандидаттардың айтуынша, басты мақсат – кәсіпкерлікті қолдау және Алаш идеясын дәріптеу.

 БАҚДӘУЛЕТ МӘЛІМОВ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫ ДЕПУТАТТЫҒЫНА КАНДИДАТ
– Менің Құрылтайға барудағы басты мақсатым – кәсіпкерлікті қолдау және Алаш идеясын насихаттау. Сондай-ақ энергетика саласында жүзеге асырылуға тиіс реформаларды қолға алу.

 Бүгінде 710 мың шымкенттік дауыс беру құқығына ие. Іс-шара барысында сайлауалды штабтың алдағы кезеңдегі жұмыс жоспары мен ұйымдастыру мәселелері талқыланды.