«Ауыл» партиясы сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын бастады. Партияның республикалық штабы ресми түрде ашылып, өңірлік штаб басшыларымен және мүшелерімен бейнеконференция режимінде кеңес өтті. Партия ауыл шаруашылығын дамыту мен ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруды негізгі бағыттардың бірі ретінде белгіледі. Биылғы сайлауда «Ауыл» партиясы атынан Құрылтай депутаттығына 69 кандидат ұсынылып отыр. Оның екеуі -Шымкент қаласы бойынша тіркелген.


 Штабтың ашылуына партия басшылары, депутаттыққа кандидаттар мен белсенділер қатысты. Телекөпір арқылы еліміздің 20 өңірі қосылып, өңірлік штабтар бір мезгілде негізгі жұмысына кірісті. Биыл «Ауыл» партиясы сайлауалды бағдарламасын жеті негізгі бағыт бойынша жүзеге асырмақ. Басты мақсат -елді мекендердің әлеуетін арттыру.


ҒАНИ ҚАРАБЕКОВ, «АУЫЛ» ПАРТИЯСЫНЫҢ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ӨҢІРЛІК ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫ ДЕПУТАТТЫҒЫНА КАНДИДАТ
Болашақ үшін жеті басымдықты ұсынамыз. Біріншісі – әділетті мемлекет, екіншісі – азық-түлік қауіпсіздігі, үшіншісі – сенімді инфрақұрылым, төртіншісі – баршаға түсінікті әділетті әлеуметтік саясат. Бесіншісі – білім мен ғылымға көңіл бөлу. Алтыншысы – дәстүрлі отбасы саясаты, жетіншісі – экология және тұрақты даму.


Саяси науқанда «Ауыл» партиясы өзгелерден озық әрі ерекше тәсілімен дараланбақ. Тұрғындармен жүздесулер дәстүрлі мекемелерде емес, ұлттық нақыштағы киіз үйлерде өтеді. Мұндай ақшаңқан үйлерде халық партияның сайлауалды бағдарламасымен танысып қана қоймай, өз ұсыныс-тілектерін де еркін білдіре алады.


ТАЛҒАТ АЙТБАЕВ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫ ДЕПУТАТТЫҒЫНА КАНДИДАТ
Бір ай көлемінде біз елмен кездесеміз, сайлауалды бағдарламамызды тікелей әрбір үйге жеткіземіз. Бүгінгі күні штабтың отырысы басталды. Штабқа партияның белсенділері қатысып жатыр. Біздің сайлауалды бағдарламамен тікелей танысыңыздар. Ашық түрде, шағын парақша арқылы әрбір үйге жеткізуге әрекет жасап жатырмыз. Онда сіздер үшін толық ақпарат берілген.


«Ауыл» партиясының Шымкент қалалық штабында 25 адам жұмыс істейді. Мегаполистегі негізгі штаб Қонаев даңғылы, 15/1 мекенжайы бойынша орналасқан. Айта кетейік, штабтың ашылуынан кейін партияның үгіт-насихат науқаны елдің барлық өңірінде ресми түрде басталды.