Еліміздің барлық өңірінде саяси науқан қызып тұр. Үшінші мегаполисте де партия филиалдары үміткерлерін ұсынып, үгіт-насихат жұмысына кірісті. Қазақстан Халық партиясының өкілдері науқанның алғашқы күнінен бастап еңбек ұжымдарын аралап, сайлауалды бағдарламаларын таныстыруда.
Сөзден іске. Саяси ұйым өкілдері үгіт-насихат жұмыстарын уәдеден емес, атқарған жұмыстарын баяндаудан бастады. 2023 жылдан бері Қазақстан Халық партиясының Мәжілістегі фракциясы 7 заң жобасына бастамашылық етті. Оның екеуіне Мемлекет басшысы қол қойды, тағы үшеуі сараптамадан өтуде. Жоғары заң шығарушы органда басқа партиялардың фракцияларымен бірлесіп, жалпы саны 30 заң жобасын әзірлеген. Мәжілісте 155 депутаттық сауал жолдап, заң жобаларына 3 217 түзету енгізген. Құрылтай қатарында да халық үшін игі жобаларға бастамашы боламыз, – дейді филиал төрағасы.
БАЙМЫРЗА ОМАРОВ, ҚХП ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
Үгіт-насихат жұмысын бастадық. Жеті емханаға бардық. Енді «Aspan» компаниясының жұмысшыларымен кездесіп жатырмыз.
Қазақстан Халық партиясы елдің дамуын алты негізгі міндетке негіздеген. Қоғамдық бірлікті, этносаралық келісімді нығайту, бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету – алдыңғы кезектегі міндеттердің бірі. Қоғам алдындағы міндеттемелерін мүлтіксіз орындайтын, іс-әрекеті болжамды әрі сенімді мемлекет қалыптастыру басты назарда. Саяси ұйымның бағдарламасымен танысқан «Aspan» компаниясының ұжымы партия бастамасына өз бағасын берді.
АЙДОС СТАНБЕК, БАС ТЕХНОЛОГ
ҚХП өкілдері келіп, «Aspan» компаниясының ұжымымен кездесті. Таныстық. Жақсы, болашағы бар деген сенімдеміз.
Қазақстан Халық партиясы Құрылтайға 72 үміткер ұсынып отыр. Шымкенттен бір ғана кандидат – филиал төрағасы Баймырза Омаров. Қазақстан Халық партиясының ұстанымы – әділеттілік, жасампаздық, құзыреттілік, бірлік пен әлемге ашықтық. Дәл осы қағидаттардың үйлесімі үлкен өзгерістер дәуірінде еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз етеді.