«Цифрлық денсаулық сақтау мен телемедицинаны дамыту». Осындай атаумен Түркістанда ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың төрағалығымен  дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Басқосу Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Кеңесінің 35-ші мерейтойлық отырысы аясында өтті. Отырысқа Түркістан облысы әкімінің орынбасары Арман Сәбитов, ТМД денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі кеңестің мүшелері, ТМД электрондық денсаулық сақтаудың ұлттық жүйелерін интеграциялау мәселелері жөніндегі жұмыс тобының мүшелері, шетелдік өкілетті өкілдері қатысты. 

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният отырыс барысында қазіргі Қазақстан әлемдік үрдістерден тыс қалмайтынын және медицина саласы ауруларды анықтау, алдын алу, ден қою және бақылау саласында жаңа білімді қалыптастыру және практикалық шаралар әзірлеу үшін цифрлық құралдарды белсенді пайдаланатынын атап өтті. 
Айта кетейік, 5,8 мыңнан астам мемлекеттік денсаулық сақтау объектілерінде медициналық ұйымдардың IT-инфрақұрылымы 98 пайызға медициналық ақпараттық жүйелер 98,2 % дамыған. 20 дан астам мобильді және веб-қосымшалар енгізіліп, оларды интеграциялау жүзеге асырылған. Тұрғындар үшін пациенттің жеке кабинетіндегі eGov электрондық үкімет порталындағы және eGovMobile мобильдік қосымшасындағы бірқатар цифрлық сервистер іске қосылды. 
Бұл ретте eHealth электрондық денсаулық сақтау архитектурасы азаматтардың денсаулығына арналған ұлттық электрондық паспортты толыққанды және жан-жақты қалыптастыруға ықпал етеді.  Бұл азаматтардың қажеттіліктеріне бағдарланған медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруды, сондай-ақ пациенттердің денсаулық жағдайын үздіксіз бақылауды жүзеге асыруға және медициналық сервистерді ұсынуға көшуді қамтамасыз етеді.Медициналық қызмет көрсету сапасын бағалау үшін пациенттермен кері байланысты ұйымдастыру қажеттілігін ескере отырып, статистикалық деректерді жинау, сақтау және ұсынудың цифрлық технологияларына құрылған медициналық ұйымдар пациенттерінің қанағаттануын қадағалаудың әртүрлі жүйелері жоспарлы түрде енгізілуде. Жақын арада медициналық бейнелер мен зертханалық зерттеулер үшін қойма құру, медициналық ұйымдар арасында клиникалық деректермен алмасу сервисі, мемлекеттік медициналық мекемелерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету процесін автоматтандыруды жүргізу жоспарланып отыр. eGovMobile мобильді қосымшасында жаңа «eGov.Densaulyk» бөлімі әзірленуде. Денсаулық сақтау саласына қатысты барлық ақпарат eGovMobile бір бөлімінде біріктіріліп, азаматтарға қолжетімді болады. Азамат өзінің медициналық деректеріне жылдам қол жеткізе алады.