Бүгін ұлттық спорт жанашырлары Түркістан облысының талантты спортшыларымен кездесіп, оларға құрмет көрсетті. Жиында әлемдік деңгейде еліміздің мерейін үстем етіп келе жатқан жерлестеріміздің әлеуметтік жағдайлары да сөз болды.


Соңғы кездері халқымыздың ұлттық спорт түрлері дүниежүзі  бойынша қарқынды дамып барады. Әсіресе, Еуропа  елдері мен Америка құрама штаттарына дейін ұлтымыздың ұлылығын көрсететін көкпар, жамбы ату және құсбегілік өнер қарыштап өркендеуде. Мамандардың айтуынша, әлемде құсбелгілік ақсүйектердің сүйікті спорты саналады. Осы өнерді жанына серік еткен түркістандық Сейдулла Пан жастар арасында бұл спорттың салтанат құрғанын айтты.
Басқосуда Түркістан облысының көкпар федерациясының вице-президенті Бауыржан Мұсабеков пен облыстық ұлттық спорт түрлері мектебінің  директоры, жастардың жанашыры Ғани Ахметбаев әлем, Қазақстан чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін қабылдап, ірі жеңістерге жету үшін аянбай еңбектене беру керек екендігін айтты. Болашақта да бағдарлы жол бар екенін жеткізіп, еліміздің намысы үшін тер төгіп келе жатқан жігіттерге алғыстарын айтты. Айталық, Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданында құсбелгіліктен жастар арасында өткен  Ел чемпионатында  Түркістан облысының таланты Махамбет Намазбай жеңімпаз атанса, Қызылорда қаласында  биыл ересектер арасында  аяқталған кезекті Қазақстан чемпионатында түркістандықтар Сейдулла Пан алтын медаль, ал Ибрагим Базарбаев қола жүлдені  иеленді. Қазір жергілікті жастар арасында ұлттық спорт түрлеріне деген қызығушылық  артқанын білікті бапкер Жомарт Кеуенов  жақсылыққа балап отыр.
Сонымен қатар, жеңімпаздар бас қосқан жиында түрлі елшілік сайыстарда топ жарған атақты құсбегішілер  Дидарбек Аршабай мен Төлемырза Паң, Ерлан Сандыбай мен Бағдат Кеуенов та марапаттан  шет қалмады. Осылайша, қасиетті де қастерлі ұлттық спортты жаңғыртып, жаңартып келе  жатқан түркістандықтар тамаша көңіл-күймен тарқасты.