Түркістан облысында жыл басынан бері 6000-ға жуық тұрғын жануарлардан жарақат алған. Оның ішінде 5 190-ы иттен, 479-ы мысықтан, 72-і жылқыдан, 13-і ірі қарадан, 15-і ұсақ малдан, 199-ы басқа да жануарлар мен кеміргіштерден зардап шеккен. Дегенмен, бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда жарақат алушылардың 2,3% азайғанын көрсетеді.


Жалпы Түркістан облысы аса қауіпті жұқпалы аурулар бойынша эндемиялық аймаққа кіреді. Сонымен бірге құтырма ауруының қаупі жоғары аймақтар қатарына жатады. «Облыстық Ветеринарлық зертхананың дерегі бойынша 51 патологиялық материал құтырма ауруына тексеріліп, бір сынамадан оң нәтиже анықталды. Жергілікті атқарушы органдардың иесіз иттер мен мысықтардың көзін жою, құтырма ауруының алдын алу жұмыстары үнемі бақылауда» делінген Түркістан облысы санитарлық эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта. Айта кетейік, жыл басынан бері облыста дәрігерге уақтылы жүгінбеген бір азамат ауруының асқынып кетуіне байланысты қайтыс болды. Оны ит қауып алған.