Шымкентте Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Жетісай драма театрының директоры Бақыт Сраиловтың шығармашылық кеші өтті.  Мәдени шара аясында «Кеңістік» атты бейнелеу театр сәндік өнері көрмесі қойылды. Онда автордың 80-ге жуық туындысы көпшілік назарына ұсынылды.


Қазақстанның суретшілер одағы мен Театр қайраткерлері одағының мүшесі, Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының басшысы бүгінгі мәдени кештің мән-маңызы жоғары екенін айтады. Көрмені тамашалау арқылы азаматтардың өнерге құрмет артып, жастардың Отанға деген сүйіспеншілігі еселенеді дейді, - кеш иесі.
Кеш иесі сонымен бірге шалғайдағы Жетісай драма театры халықтың мәдени-ағартушылық деңгейін көтеруде елеулі еңбек етіп жатқанын айтты. 2022 жылы шығармашылық ұжым үшін табысты болғанынын, Атырауда өткен реапубликалық театр фестивальінде екінші орын иеленгенін жеткізді.  
Бақыт Сраилов биыл мәдениет саласындағы ең жоғары атақтардың бірі – «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атанды. Мұндай жетістік өнер саласындағы көпке бұйыра бермейді. Бір қолында театр тізгіні тұрса, екіншісінде қылқаламы бар нағыз шығармашылық иесінің жұмысын көпке көрсету керек, дейді – шараны ұйымдастырушылар.  
Көрмені тамашалуға келгендер қатары қалың болды. Арасында елге белгілі тұлғалар мен зиялы қауым өкілдері бар. Сондай-ақ болашақ театр мамандары, суретші, дизайн мамандығының студенттері мен қала қонақтары да көрмеге арнайы келген.
Сраилов Бақыт Бекмырзаұлының өнер саласындағы еңбек өтілі 40 жылдан асады. Шығармашыл еңбегінің арқасында Мәдениет қайраткері атағын, Айтматов атындағы награданы, Тәуелсіздіктің 10, 20, 30 жылдығы мерекелік медальдарын иеленген. Жетісай, Мақтарал аудандарының Құрметті азаматы атағын алған суретшінің көрмесін Орыс драма театры ғимаратында 3 күн бойы тамашалауға болады.