Сарыағаш ауданында мал ұрлығымен айналасқан 2 ер адам ұсталды. Олар бірнеше қора-жайлар мен жайылымдардан ірі-қара малдарды  қолды еткен. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-1-бабы "Мал ұрлығы" бойынша тіркеліп, полицейлер шұғыл іздестіру іс-шараларын жүргізген. Бұл ретте, жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы көлемі 3 миллионға жуық теңгені құраған.


Тәртіп сақшылары жақын маңдағы ауыл-аймақтар  мен жайылымдарды түгел сүзіп шыққан. Осы орайда, мал тасымалдайтын автокөліктер және үй малдарын сатып алатын орындар мұқият тексерілген. Нәтижесінде, жедел уәкілдер екі ер азаматтың ізіне түскен. Олар Мақтаарал ауданының  тұрғындары болып шықты. Белгілі болғандай, сезіктілердің жалпы 4 жайт мал ұрлығына  қатысы бары анықталған. Олар өрістен қайтып келе жатқан, жайылымда жүрген малдарды ұрлап, өз арам ойларын жүзеге асырып, бөтеннің малын жасырып отырған. Төрт түлікті мал базарға апарып  сатып, ақшасын бас пайдаларына жұмсаған.  Қазіргі таңда күдікті екеу қамауға алынып, оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.