Жаңа темір жол вокзалының құрылысы шаһардың батыс аумағынан орын тебеді. Бұған дейін Бозарық елдімекенінде салынады деген темір жол торабының жобасы өзгертіліп, әуежайға жақын маңнан бой көтеретін болды. Бұл туралы қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Ержан Нұразханов БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді. Баспасөз отырысында басқарма басшысы 2023 жылы атқарылатын өзге де жоспарларымен бөлісті.
Брифингте қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы қала аумағында тұрғын үйлерді пайдалануға беру, жаңа бас жоспар, мемлекет мұқтажына жер телімдерін қайтару, геоақпараттық порталды құру жұмыстарынан хабардар етті. Ол биыл қала аумағында 1 млн 73 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланғанын айтты.
Ағымдағы жылдың мамыр, шілде айларында арнайы бас жоспардағы орын алатын өзгерістер мен толықтырулар туралы көрме ұйымдастырылып, көпшілік назарына ұсынылған. Нәтижесінде үш мыңға жуық азамат қатысып 249 өтініш-талаптарын жазбаша қалдырған.
Сондай-ақ басқарма басшысы үшінші мегаполисте жаңа темір жол торабы салынатынын айтты. Оған шаһарда халық санының өсуі себеп.
Айта өтейік, шаһарда инженерлік желілер бойынша меншік иелерімен деректерді келістіру және нақтылау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жобаны биыл мамыр айында аяқтау көзделген.