Түркістан облысының ұлттық спорт саласы бойынша үздіктер марапатталды. «Тұран тұғыры» тақырыбында өткен жиында еліміздің ұлттық спортының жанашырлары бас қосты. Жалпы 20 номинация бойынша үздіктер анықталды.
Еліміз бойынша көш бастаған Түркістан облысының ұлттық спорт саласындағы үздіктердің мерейін көтеруді мақсат тұтқан бұл дәстүрлі марапатта талайлардың мерейі үстем болды. Жылды қорытындылаған «Тұран тұғыры» іс-шарасы биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр. Еліміздегі ұлттық спорттың дамуына серпін берген марапаттың маңыздылығына тоқталған Ұлттық ат спорт түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы Нүркен Байбуриев еңбектерінің елеңгеніне қуанышты.
Түркістан облысының ұлттық спорт құрамасы халықаралық, республикалық, облыстық жарыстарда және жаппай көкпардан өзгелерге дес бермей келеді. Сонымен қатар, аударыспақ, тоғызқұмалақ, асық ату мен құсбегіліктен де құр алақан емес. Қазақ күресі, теңге ілу, бәйге, жамбы ату бәсекелерінде топ жарып, көптің көзіне түскен саңлақтар бүгінгі жиында марапат төрінен көрінді. Жалпы 20 номинация бойынша үздіктер анықталды. Командалық көкпардан «Жылдың үздік шабандозы» иегері Абылайхан Нышанбеков пен «Жылдың үздік көкпар командасы» - жасөспірімдер арасындағы облыстың «Тұран» командасының қанжығасына бұйырды. Ал, «Жылдың үздік аударыспақ ойыншысы» Дарын Өткелбайға, «Жылдың үздік аударыспақ командасы» номинациясы Жастар құрама командасына берілді. Осы орайда, талантымен талайларды таң қалдырған жерлесіміз Бәйдібек Сабыров «Жыл жеңімпазы» - атағына ие болды.
Ұлтымыздың ұлылығын дәріптеп келе жатқан Әсел Далиева тоғызқұмалақтан «Үздік тоғызқұмалақ ойыншысы» - атанса, «Жылдың үздік құсбегісі» номинациясы Жомарт Кеуеновке табыс етілді. Бұл жеңістердің артында - білікті бапкерлердің қажырлы еңбектері бар екендігі даусыз. Бұл ретте, асық атудан «Жылдың үздік жаттықтырушысы» Оралхан Айдарханұлына, қазақ күресінен «Үздік балуаны» атағы Ералхан Балтабайға бұйырды. Сондай-ақ, «Жомарт жүрек» - марапаты Рүстембек Алишерге, «Жылдың үздік төрешісі» - Бауыржан Абировке табыс етілді. Сонымен қатар, Мақсат Рахишев - «Үздік коментатор», «Жылдың үздік ауданы» атағы Төлеби ауданына берілді. Ал, «Жылдың үздік федерациясы» номинациясы – Қазығұрт ауданының көкпар федерациясының қанжығасына байланды. «Жыл тұлғасы» болып Мақсат Шағырбай танылды.