Қыс ауасы далада қалған көпбалалы отбасы баспаналы болды. Бір апта бұрын жалдамалы үйі өтқа оранып көшеде қалған отбасыға көпшілік 22 миллион теңге жылу жинаған. Бұл қаражатқа 6 бөлмелі үй, одан бөлек қажеті жиһаздар мен тұрмыстық техника сатып алынған. Жалғызбасты ананың отбасына медициналық көмек көрсетуге ниет білдіргендер де бар. Енді отбасыдағы 6 бала 18  жасқа толғанша жеке медициналық мекемелердің бірінде тегін ем алатын болады.  


15 жыл пәтер жалдап келген Назира Дүйсебаеваның қуанышында шек жоқ. Бұған дейін бөтеннің табалдырығында жалтақтаған отбасы зәулім үйге көшіп келді. Халықтан жиналған қаражатқа екі қабатты баспана сатып алған.
Қайырымды жандардан жиналған қаражат сегіз күн ішінде 22 миллион теңгеге жеткен. Жалғызбасты ананың жанында жүрген жанашырлары 6 бөлмелі баспананы 19 миллион 500 мың теңгеге сатып алғандарын айтады. Ал, қалған қаражатқа күнделікті тұрмысқа қажетті заттар мен жиһаз және тұрмыстық техника сатып алған.
Көп балалы ананың сөзінше қол ұшын созып, жәрдем беруге ниет еткендердің қарасы көп екен. Бірі азық-түлігін арқалап келсе, енді бірі киім кешекпен қамтамасыз еткен. Ал қаладағы жеке меншік медициналық орталығы балалардың денсаулығын бақылауға алып, 18 жасқа толғанша оларға қызмет көрсетуге ниет білдіріп отыр.
Сондай-ақ  демеушілер көпбалалы ананың несиесін жабуға да көмек тесіпті. Ал, өртенген үйді қалыпқа келтіруге жергілікті қайрымдылық қоры ат салысқан.