Шымкенттік мемлекеттік қызметкерлер тергеу изоляторында. Олар қапастағы өмірдің тынысымен танысты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігінің идеясымен жүзеге асқан бұл шара мемлекеттік қызметшілерге темір тордың арғы жағындағы өмірді көзбен көріп, жүрегімен түйсінді.


Бұл шараға «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС, Шымкент қаласының Тұрғын үй басқармасының мемлекеттік әкімшілік қызметкерлері мен Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері қатысты.Экскурсияның мақсаты – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік қызметтегілер өзгенің қателігінен сабақ алып, өз болашағына балта шаппаса деген ой, «Адалдың аты арып, тоны тозбайды» деген қазақ мақалының мәнін түсіндіру.Осындай шаралар сыбайлас жемқорлық қылмыстардың алдын алуға өз септігін тигізеді деп күтілуде.
Профилактикалық шараға жалпы саны 70-ке жуық қызметкер қатысты. Олардың барлығы темір тордың аржағындағы өмірді өз көзімен көріп, қамаудағылардың қазіргі күйімен танысты. Тергеу изоляторындағы камераларды аралап, серуен алаңдарында болды. Бұндай жағдайды басқа салмасын деген шенеуніктер, жалақыға жарымасаңда бостандықта, өз отбасыңның жанында болғанға жетер дүние жоқ екенін айтып, әсерлерімен бөлісті.Тергеу мекемесінің режимімен таныстыру жұмыстары 2020 жылы бастау алған.
Айта кетейік, қылмыстары бойынша күдікті не айыпты деп танылғандар сот шешімі шыққанша осында болады. Сонымен қатар 5 жыл мерзімге дейінгі сотталғандар осындағы шаруашылық бөліміне қалдырылады. Ал, ұйымдастырушылар бүгінгі акция әркім өзінің қолындағы бар нәрсені бағалай білуіне, адал қызмететіп, жемқорлықтың алдын алуға септігін тигізетіндігіне сенім білдіреді. Айтқандай, дәл қазір түзеу мекемесінде 27 мемлекеттік қызметкер тергеп-тексеріліп жазасын өтеп жатыр екен.