Өзгенің жоғын түгендеп, халықтың қамын ойлап жүрген журналистер ешқандай мемлекеттік бағдарламалардың шарапатын көрмейді. Тіпті, жанкешті еңбек етіп жүрген тілшілердің көбінде жеке баспанасы да жоқ. Енді бұл мәселе шешімін таппақ. Биылдан бастап шымшаһарда «Қамқор» мемлекеттік бағдарламасы іске қосылмақшы. Осы арқылы журналистер мен тағы бірқатар сала қызметкерлерінің үйлі болуға мүмкіндігі бар. 


Шерханша айтқанда, жегені жантақ, арқалағаны алтын журналистер қауымының әлеуметтік мәртебесі талай уақыттан бері қозғалып жүр. Айлығы шайлығына жетпейді. Пәтерден-пәтерге көшіп,  қоғамдық-саяси өмірдің барометрі болып жүр. Алайда, тілшілер қауымы заңды түрде ешқандай санатқа жатпайды. Жаңарған Қазақстанда журналистерді қолдайтын арнайы жаңа жобаларды жүзеге асыратын сәт жетті дейді «Оңтүстік» телеарнасы «Жаңалықтар» қызметінің белді тілшісі - Кенжехан Дүйсенбі.
Журналистердің жанайқайы жоғарыға жетті білем. Биыл Шымкент билігі БАҚ өкілдері мен спорт, энергетика және халыққа қызмет көрсету орталықтары қызметкерлері үшін арнайы бағдарламаны іске қоспақшы. Осы арқылы жыл соңына дейін 150 азамат қоныс тойын толайтын болады. Ал, өтінім беру екі айдан соң басталады дейді мамандар.
Бұл бағытқа бөлінген қаржы -3 млрд. теңге. Аталған санаттағы азаматтар пәтерді екінші нарықтағы үйлерден өздері тауып, таңдайды. Ипотека «Отбасы банк» арқылы  рәсімделеді. Несие 5 пайызбен 25 жылға беріледі.
Ескеретін бір жайт бар. «Қамқор» жобасы тек шымкенттік тұрғындарға арналған. Сондықтан,  үміткер тұрғылықты мекен-жайы бойынша кемі 3 жыл шымшаһарда тіркеуде болуы қажет. Осылайша, журналистер арқасын аяздай қарып жүрген басты мәселе – баспана тауқыметінен арыла бастайды. БАҚ өкілдерінің еңбегі ерек. Қаншама сын-қатерлермен бетпе-бет келеді. Алысқа бармай-ақ, соңғы жыл жарымда күллі әлемнің есі екеу, түсі төртеу болды. Адамзат баласын бір тарының қауызына әкеліп тыққан індет кезінде де тілшілер қауымы дәрігерлермен бірдей алдыңғы шепте еңбек етті.