Бүкіл елді қуантқан қоныс той! Түркістанда 1992 жылы туған азаматтар көп балалы жалғыз басты анаға баспана сыйлады. Бұған дейін бөтеннің табалдырығында жалтақтаған отбасы зәулім үйге көшіп келді.


Баспана кілті Наурыз мерекесі күні  табыс етілді.  Игі іске «Бекзат» мөлтекауданының 1992 жылы туған азаматтары мұрындық болған.
3 бөлмелі баспана заманауи тұрмыстық техникамен жабдықталған. Сауабы мол іс 1988 жылғы азаматтардан бастап қолға алынып, жыл сайын дәстүрге айналған. Қайырымдылық эстафетасын жалғаған жастар үйдің құрылыс жұмыстарын түгелдей өз күшімен жүргізген.
Думанға толы мерекелік күнде жиналған көпшілікке ас беріліп, шара концерттік бағдарламаға ұласты. Қазақша күрес, арқан тарту, қошқар көтеру, қол күресі түрлерінен сайыс, көкпар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға қаржылай сый-сияпаттар ұсынылды.