Белбеу күресінен Қазақстан Республикасының чемпионаты аяқталды. Ақтау қаласында өткен жарыс 2006-2008 жылдары туған жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында өтті.  Жалпы саны 300-ге тарта спортшы қатысқан чемпионатқа оңтүстіктің өрендері де қатысып, жеңіспен оралды. Жүлдегерлерді жақындары темір жол вокзалынан сән-салтанатпен күтіп алды.


Белбеу күресінен өткен чемпионатта Түркістан облысы Бәйдібек ауданының спортшылары жеңімпаз атанып, жүлдемен оралды. 45 келі салмақ дәрежесінде белдескен Нұрсая Қалмырза қарсылас шақ келтірмей, алтын медальді иеленді.
Қазақстан Республикасының чемпионатына еліміздің барлық өңірінен 300-ге тарта спортшы қатысты. Жарыс екі күн бойы 15-17 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында өтті. Ұлдар 9, қыздар 7 салмақ дәрежесі бойынша белдесті. Түстік арулары спорттық сайысқа жан-жақты дайындалған.  
Белбеу күресінен жеңімпаз атанған бәйдібектік бұрымды Нұрсая Қалмырза енді әлем чемпионатына қатысады.