Түркістан облысында 2022 жылы жоспарланған 121 индикатордың 74 пайызы орындалған. Осыған байланысты облыс әкімі жұмысты жоспардағыдай атқара алмаған аудан және басқарма басшыларына кестеге сай қызмет ету керектігін еске салды. Жалпы өңірдің даму бағдарламасы бойынша 2025 жылға дейін 128 индикатор іске асырылуы тиіс.


Түркістан облысының даму бағдарламасында белгіленген тиісті межені бірнеше басқарма толықтай бағындыра алмаған. Бұл бірқатар саланың ілгерілеуіне тұсау болады. Аймақ басшысының қатысуымен өткен мәжілісте облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбек осылай деп мәлімдеді.
Ақпаратқа қаныққан Дархан Амангелдіұлы басқармалар мен аудан, қала әкімдіктеріне қатысты индикаторларды орындау барысындағы кемшіліктерге жеке-жеке тоқталды. Облысты дамыту жоспарын жүзеге асыру – аса маңызды іс екенін айтқан аймақ басшысы жауаптыларға өңірді дамыту жоспарын жүйелі түрде жүзеге асыру жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Айта кетсек, Түркістан облысында 2025 жылға дейін 128 индикаторды жүзеге асыру көзделген. Дархан Амангелдіұлы аудан және басқарма басшыларының жұмысын осы көрсеткіштер бойынша бағалайтынын жеткізді.