Құрылысты сапалы атқармаған және істі кестеге сай аяқтамаған мердігерлерге шара көріледі. Түркістан қаласындағы құрлыс алаңдарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстармен танысқан облыс әкімі осылай деді. Сондай-ақ, Дархан Амангелдіұлы облыс орталығында салынып жатқан тұрғын үйлер келбетімен де ерекшеленіп тұруы керек екенін де ескертті. Және көпқабатты тұрғын үйлердің сейсмоқауіпсіздігінің сақталуына қатаң бақылау жүргізуді тапсырды. Қазіргі таңда, рухани орталықта 7 қабатты 32 тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Ауқымды іске жергілікті және өзге өңірлерден келген 13 мердігер мекеме жұмылдырылған. 11 гектардан астам жерде орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің жалпы ауданы 20 мың шаршы метрден асады. Жобаның жалпы құны 25,7 млрд. теңге.