Қасиетті Ораза айында сауапты істер жалғасуда. Бүгін қаламыздағы мешіттер бір күнде 500 отбасыға азық-түлік себетін табыстады. Бүл игі іс ай бойы жалғасады дейді дін қызметкерлері.


Бас имамның айтуынша, қаламыздағы 45 мешітте «Рамазан шатыры» жайылып, онда күнделікті ауызашар ұйымдастырылуда. Сонымен қатар  қасиетті айдың құрметінде қаладағы 5 ауданның орталық мешітінде қала әкімдігімен бірлесе ауызашар себетін үлестіру жоспарланған. Бұл жолғы шарада қала әкімінің мұрындық болуымен жүзеге асып жатыр.

Өткен жылы 30 мың отбасыға азық-түлік себетін тарату көзделген болатын. Жомарт жандардың қайырлы істерге деген белсенділігінің арқасында 34 мыңға жуық отбасыға Рамазан себеттері үлестірілді. Биыл да осы бағыттағы қайырымдылық жұмыстары жалғасуда. Азық-түлік себеті көпбалалы отбасы және  көмекке мұқтаж жандарға табысталады.  Олардың тізімі алдын ала жасақталады.  Қала мешіттерінде көмекке мұқтаждар қатарына  тіркелгендер арнайы шақыртылады.

Рамазанда тек құлшылық қана емес, қоғамға оң әсерін тигізер іс-шараларды қолға алынуда. Осы жылы алғаш рет «Табиғатты аяла» іс-шарасы аясында «Рамазанда бір тал ек» жобасы жүзеге асқан. Жамағатты кітап оқуға баулу мақсатында «Мешітке кітап сыйла» акциясын өткізу жоспарланған.